Байқоңырда "Протон-М" зымыран тасығышы мен "Экспресс-АМ33" ғарыштық аппараты ұшырылды

"Экспресс-АМ33" ғарыштық аппараты "Протон-М" зымыран тасығышының көмегімен 28 қаңтарда Астана уақытымен 6 сағат 19 минутта ұшырылды.

Зымыран тасығыштың бірінші және екінші сатылары ұшырылым циклограммасының уақыты бойынша дәлме-дәл бөлінді. Ғарыштық аппарат "Протон-М" зымыран тасығышының көмегімен тірек орбитаға шығарылды.

"Бриз-М" үдеткіш блогы мен жер серігінің зымыран тасығыштың үшінші сатысынан бөлінуі штатты жағдайда жүзеге асырылды.

"Экспресс-АМ33" зымыран тасығышы "Бриз-М" үдеткіш блогының қозғалтқышын қосу арқылы 36 мың шақырым биіктікке геостационар орбитада шығыс бойлықтың 96,5 градустық нүктесіне шығару мен "Бриз-М" үдеткіш блогының бөлінуі Астана уақытымен 15 сағат 20 минутқа есептелген.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Экспресс-АМ33" ғарыш аппаратын Железногорск қаласындағы М. Решетнев атындағы ғылыми-өндірістік білестігінің мамандары Францияның Thales Alenia Space фирмасымен бірлесе жасаған. Жер серігі 12 жыл белсенді жұмыс істеуге тиіс. "Экспресс-АМ33" байланыс, телерадио хабарларын тарату, мәліметтер беру, жылжымалы үкіметтік және президенттік байланысты қамтамасыз етуге арналған.

Бұл аппарат орбитада 2006 жылғы наурызда "ғарыштық қоқыспен" соқтығысу салдарынан апатқа ұшыраған "Экспресс-АМ11" геостационарлық жер серігін алмастыруға тиіс.