Байқоңырда "Протон-М" зымыран тасығышы Норвегияның "Тор-2Р" жер серігімен ұшырылым "үстеліне" орнатылды

"Протон-М" зымыран тасығышын ұшырылым кешеніне жеткізіп, ұшырылым алдындағы жұмыстарын жалғастыру жөнінде шешімді кеше мемлекеттік комиссия шығарды.

Кестеге сәйкес "Протон-М" №200 алаңның №39 ұшырылым қондырғысына 7 ақпанда жергілікті сағат 6.30 шығарылды. Зымыран ұшырылым "үстеліне" тік қойылған соң, үш тәулік бойы зымыранның жүйелері мен ұшырылым құрал- жабдықтары тексеріледі.

"Тор-2Р" ғарыштық аппараты Байқоңырдан "Протон-М" зымыран тасығышының көмегімен 2008 жылдың 10 ақпанында ұшырылады деп күтілуде.

Салмағы 2450 килограмм болатын, "Тор-2Р" ғарыштық аппаратын Orbital Sciences Corporation (OSC, АҚШ) корпорациясы жасаған. "Тор-2Р" ғарыштық аппаратын жасауға Норвегияның Telenor компаниясы тапсырыс берген. Компания ұялы және тұрақты байланыс қызметін көрсетіп, өз жер серігі арқылы мәліметтер мен телевизиялық сигналды жіберетін болады.

"Тор-2Р" ғарыштық аппараты 24 транспондермен қамтамасыз етіліп, Солтүстік және Орталық Еуропа елдеріне телехабарларын таратуға арналған. Жер серігі 15 жыл бойы адамдарға қызмет жасайтын болады.