Зымыранды ұшыру қалыпты жағдайда жүзеге асырылды. Аппаратты ұшыруға байланысты қандай да бір қауіп-қатер мен залал-зардапты жою мақсатымен 22-мамыр күнгі 21 сағат 59 минуттан 23-мамыр күнгі 0 сағат 59 минутқа дейін Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының апаттан құтқару күштері мен құралдары жоғары дайындық жағдайына келтірілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, биылғы жыл ішіндегі шетелдік байланыс жер серігінің екінші коммерциялық ұшырылымы АҚШ аумағындағы бір ірі спутниктік телевидение операторының мүддесі үшін жүзеге асырылады. DirecTV 8 ғарыштық аппаратын АҚШ-тың Space Systems Loral компаниясы жасап, оны ұшыруға тапсырыс беріп отыр. Салмағы 4 тоннадан асатын DirecTV 8 ғарыштық аппараты геостационарлық орбитаға шығарылады. Жер серігі 15 жыл бойы белсенді пайдаланылады деп күтілуде. АҚШ-тың байланыс спутнигі сандық телевидение қызметін көрсетуге, тікелей телехабарларды жүргізуге және АҚШ,Канада және Ямайка елдеріндегі тұтынушылаарға мәліметтер жіберуге арналған.