Байқоңырда "Союз-Аполлон" бағдарламасының 30 жылдығын атап өтуде

Осыдан 30 жыл бұрын "Союз-19" ғарыш кемесін ұшыруға дайындық жұмыстарына қатысқан әскери бөлімшедегілер мерейтойды атап өтті.

Өздеріңізге мәлім, 1975-жылдың 15-шілдесінде Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышкерлер Алексей Леонов пен Валерий Кубасовты алған Кеңес Одағының "Союз -19" ғарыш кемесі, ал АҚШ-тың Канаверал ғарыш айлағынан астронавтар Томас Стаффорд, Дональд Слейтон мен Вэнс Брандты алған "Аполлон" кемесі ұшырылды. Тәжірибелік "Союз-Аполлон" жобасы ғарышты игеру және ғарыштағы құтқару операцияларын жүзеге асыруда АҚШ пен КСРО-ның ғарыштық жүйелерінің өзара үйлесімділігін тексеру мақсатын көздеген.
Екі ғарыш кемесі 19-шілде күні 19 сағат 12 минутта түйісті. Үш сағаттан кейін Томас Стаффорд пен Дональд Слейтон Алексей Леонов пен Валерий Кубасовтың отсегіне өтті. Түйісу барысында бірнеше бірлескен ғылыми эксперименттер жүзеге асырылды. Атап айтсақ, "жасанды күн тұтылу" құбылысы зерттеліп, "Аполлон" кораблі "тұтындырушы" ролін атқарды. Ал "Союздағылар" күн тәжінің суретін түсіріп, ғарыш кеңістігіндегі оттегі мен азоттың концентрациясын өлшеп, Actinomyces levoris саңырауқұлағының негізінде биологиялық ритмді зерттеді. Салмақсыздық жағдайындағы дәнекерлеу барысы зерттелді. Сонымен бірге бірқатар біржақты ғылыми эксперименттер өткізілді.
"Союз-19" кораблі 19-шілдеде түйісу аяқталғаннан кейін өз миссиясын тәмамдап, 21-шілдеде Жерге оралды. 24-шілдеде "Аполлон" да Тынық мұхиты акваториясына келіп қонды.