Федералдық ғарыш айлағының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, №92А-50 алаңның монтаж-сынақ корпусында шетелдік мамандар Inmarsat 4F3 ғарыштық аппаратының дербес дайындығын одан әрі жалғастыруда.
Сонымен бірге ресейлік мамандар Ұлыбританияның Inmarsat 4F3 жер серігін ұшыру үшін 27 маусымда ғарыш айлағына жеткізілген "Бриз-М" үдеткіш блогын дайындауда. Үдеткіш блокта электрлік және кешенді сынақтар жүргізілуде.
Inmarsat 4F3 жер серігін ұшыратын "Протон-М" зымыран тасығышын ұшырылымға дайындау аяқталып, зымыран сақтау режиміне көшірілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Inmarsat 4F3 ғарыштық аппараты "Юбилейный" әуежайына АН-124 "Руслан" ұшағымен 6 шілдеде жеткізілген.
Inmarsat-4F3 жер серігін ұшыруға арналған "Протон-М" зымыран тасығышы 2008 жылғы 14 тамызда ұшырылады деп жоспарланған.
Салмағы 6 тонналық Inmarsat 4F3 ғарыштық аппаратын EADS Astrium концерні EUROSTAR 3000 платформасының негізінде Ұялы жер серігі байланысының ғаламдық ірі халықаралық операторы Inmarsat тапсырысымен жасаған. Inmarsat 4F3 ғарыштық аппараты Жер аумағының 85%-ын қамтитын ғаламдық жер серіктерінің тобына қосылады.