Байқоңырда "Зенит-3SLB" зымыран тасығышын ұшыруға дайындық жұмыстары жүргізіле бастады

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "№42 алаңның монтаж-сынақ корпусында Ресейдің ауыр машина жасау жөніндегі конструкторлық бюросының, "Вымпел" тәжірибелік-конструкторлық бюросының, "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығының, Украинаның "Южное" МКБ мен басқа да ғарыштық ұйымдардың мамандары "Зенит-3SLB" зымыран тасығышын ұшыруға дайындай бастады.

Орталық ақпаратына сәйкес, қазір "зымырын тасығыштың блоктары мен сатылары темір жол вагондарынан түсіріліп, құрастыру стендтеріне қойылуда. Сөйтіп, AMOS-3 жер серігін ұшыруға дайындық жұмыстары басталды.

"Зенит-3SLB" ғарыш айлағына 26 қазанда жеткізілді.

""Зенит-3SLB" зымыран тасығышының ұшырылымы жаңа халықаралық "Жер үсті ұшырылымы" атты бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Ол үшін ғарыш айлағында №42 алаңдағы монтаж-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшырылым кешені жаңаланды", -деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Израильдің телекоммуникациялық Amos-3 жер серігін "Зенит-3SLB" зымыран тасығышымен 2008 жылғы наурызда ұшыру межеленіп отыр.

Amos-3 жер орбитасында 1996 жылы ұшырылған Amos-1 аппаратын алмастыруға тиіс. Amos-3 Ku-диапазонда жұмыс істейтін ретрансляторлардың санын толықтырып, Таяу Шығыс, Еуропа, Африка, сондай-ақ, Солтүстік және Оңтүстік Американың кейбір өңірлерінде жоғары сапалы байланыс пен кең жолақты мәліметтер базасын жалғастыруды қамтамасыз етеді.