Байқоңырдан "Протон" зымыран тасығышы Sirius-4 жер серігін алып ұшты

Зымыран тасығыш 18 қарашада Астана уақытымен 4 сағат 40 минутта №200 алаңның №89 ұшырылым кешенінің ұшыру қондырғысынан штатты режимде ұшырылды. Ұшырылым алдындағы дайындық жұмыстарын ғарыш айлағын тұмшалап алған қою тұман күрделілендіргенімен, 6 қыркүйектегі апаттан кейінгі "Протон-М" зымыран тасығышының бірінші ұшырылымы табысты жүзеге асырылды. Зымыран тасығыштың бірінші және екінші сатылары ұшырылым циклограммасындағы уақыт бойынша дәлме-дәл бөлінді. Ғарыштық аппарат "Протон-М" зымыран тасығышымен тірек орбитаға шығарылды. "Бриз-М" үдеткіш блогы мен жер серігінің зымыран тасығыштың үшінші сатысынан бөлінуі де штатты жағдайда өтті. Ғарыштық апппарат пен үдеткіш блок Астана уақытымен 13 сағат 53 минутта бөлініп, Sirius-4 ғарыштық аппараты тапсырыс берушінің басқаруына берілді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, салмағы 4600 килограмм болатын Sirius-4 ғарыштық аппаратын Loсkheed Martin Commercial Space Systems (LMCSS, АҚШ) компаниясы 1982 жылы Швеция және Норвегия үкіметтерінің тапсырысымен құрылған, Орталық, Шығыс Еуропа, Скандинавия мен Прибалтикада жетекші спутниктік байланыс операторы болып табылатын SES Sirius AB компаниясының A2100AX платформасының базасында жасап шығарған. Жалпы алғанда Еуропада компания қызметін 110 астам телеарна мен 37 радиостанция тұтынады.

Sirius тобы жер серіктері шығыс бойлықтың 5 градусында геостационар ғарыштық орбитада орналасқан және Еуропа елдерінде Ка және Ku диапазондарында кең ауқымды хабар тарату және мәліметтер беру арналарын қамтамасыз етеді. Sirius жер серіктерінің қуатты транспондерлері шағын антенналардың көмегімен хабарлар қабылдауға мүмкіндік береді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті