«Қазсат-3» ұшырылымнан 4 күн бұрын Байқоңырдағы №81 айлаққа жеткізілді. Міне, мамандар «Протон»-ға жалғанған спутникті жіті тексеріп, орнатып жатыр. Жалпы, «Қазсат-3»-ті еліміздің тапсырысы бойынша ресейлік компания 3 жыл құрастырған.
Спутникті бақылау бекеті де дайын. Мына бөлмеде ұшыру уақыты қатаң қадағалауда. Ал, айналаны ресейдің сақшылары суық қару, иісшіл иттермен күзетіп тұр. Тіпті төтенше жағдай қызметі мен жедел жәрдем де кезекшілікте.Тек бұл жолы тарихи оқиғаға Астанадан бұрынғыдай шенеуніктер ағылмады. Үшінші жер серігін ұшыруға «Қазғарыш төрағасының» орынбасары ғана келген. Есесіне қарапайым тұрғындардың қатары көп.
Серік Есмұханов, Алматы қаласының тұрғыны
-Алматыда тұрамын, «Қазсат-3» ұшырылуына жолдастарымды ала келдім. Америкада бес жүз адамға дейін жиналады ракета ұшатын кезде. Туризмнің осы саласын бізде де жолға қою керек деп ойлаймын.
-Қазір біз «Қазсат-3» спутнигінен 4 шақырым жерде тұрмыз. Жер серігінің көкке көтерілуін дәл осы қашықтықта бақылауға рұқсат етілген. «Қазсат-3» төрт тәуліктен бері соңғы дайындықтан өтіп, ұшуға сақадай сай тұр. Міне, отандық спутниктің ғарышқа аттануына санаулы секундтар қалды деген белгі де берілуде.
Сөйтіп «Қазсат-3» сәтті ұшты. Енді жобамен тоғыз сағатта геостационарлық орбитаға жетуі тиіс.
Еркін Шаймағамбетов, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
-Мамырдың ортасында Қазсат-3 геостационарлы орбитадағы нақты нүктесіне жету керек. Әріқарай сынақ уақыты басталады, оған Ресей мамандары жауапты. Біз тек қыркүйекте ғана спутникті қабылдап алып, қызметін пайдалана бастаймыз. Құны 27 млрд.теңге болатын «Қазсат-3» «Қазсат-2» толықтыратын болады.
Ал, «Қазсат-3» іске кіріссе, елімізде телерадио хабар тарату жүйесі мен интернет жылдамды артып және байланыс түрлері арзандамақ. Отандық спутниктің Орта Азия мен Ресей аумағын да қамтуға күші жетеді. Оның үстіне «Қазсат» жобасы мұнымен шектелмейді.
Еркін Шаймағамбетов, Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
-Жақында «Қазсат-4» ұшыруды жоспарлап отырмыз. Ол коммерциялық бағытта болады. «Қазсат-4» Астанадағы зауытта француздық әріптестерімізбен бірге құрастырамыз.
Ал, ертең Француздың «Куру» ғарыш айлағынан тағы бір қазақстандық спутник ұшырылмақ. Ол су тасқыны, қар көшкіні сынды табиғи және экологиялық апаттарды алдын-ала болжау үшін ғарыштан суреттер жасауға арналған.