Бүгін Астана уақыты бойынша 12.44 "Юбилейный" аэродромына ресейдің "Полет" әуе компаниясының АН-124-100 "Руслан" ұшығымен "Бриз-М" үдеткіш блогы жеткізілді.
Үдеткіш блогы қосымша құрылғыларымен бірге осы тәулік ішінде № 92 монтаждау-сынақ корпусына жеткізіледі. Одан кейін "Бриз-М" 92А-50 монтаждау-сынақ корпусының стендіне орнатылады.
Осыдан кейін Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыштық, ғылыми-өндірістік орталығының мамандары 92А-50 монтаждау-сынақ корпусының № 101 залында "Бриз-М" үдеткіш блогын автономды түрде дайындауға кіріседі.
"Бриз-М" үдеткіш блогы америкалық "АМС-14" телекоммуникациялық спутнигін геостационарлық орбитаға шығаруға арналған. Байқоңырдан "АМС-14" ғарыш аппаратын "Протон-М" зымыран тасығышының көмегімен ұшыру 2008 жылдың 15-наурызына межеленген. "АМС-14" телекоммуникациялық спутнигін Lockheed Martin Commercial Space Systems компаниясы әзірлеген. Спутник 32 транспондермен жабдықталған және Солтүстік Американың тұтынушыларын байланыспен қамтамасыз ететін болады. "АМС-14" телекоммуникациялық спутнигі 15 жыл пайдалануға есептелген.