-Қызылорда мен Байқоңырдың арасы 250 шақырым. Бірақ жол бойы ғарышкерлер қаласына бағыт сілтейтін бірде бір белгі, не нұсқау жоқ. Ал, өткізу бекетінен арнайы рұқсат қағазынсыз адам баласы аттап баса алмайды. Егер сақшылардың тексеруінен аман-есен өтсеңіз, әріқарай Байқоңырда ресейдің қатаң тәртібі басталады.
Әр көлікті полиция жіті тінтиді. Жабық шаһарда жағалай өткізу бекеттері көп. Мұнда тек тұрақты тіркеудегі тұрғындар, яғни Ресей азаматтарына еркін әрі жақсы өмір сүруге мүмкіндік бар. Ал, уақытша жүрген жергілікті қазақтардың тағдыры қыл үстінде, қаладан кез келген сәтте қуылуы әбден мүмкін.
- Маған 2016 жылдың 28 ақпанына дейін рұқсат деп жазып берген.Одан кейін не істейтінімді білмеймін. Өзім де, әйелім де жұмыс істемейді.
Ішкі істер саласының ардагері Смайыл Юсуповтің Байқоңырда тұрғанына 21 жылдан асқан. Зейнеткерлік демалысқа шыққан соң қалаға мүлдем қажет болмай қалдым дейді. Басқаны айтпағанда тіпті мүгедек әйелін әлеуметтік көмекке іліндіре алмай жүр.
Смайыл Юсупов, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
-Мына осындағы билік маған былай деді: Сіз кешіріңіз бірақ қала режимный дейді. Айлаққа ешқандай қатысым жоқтығымды да бетіме басты. Мен арыз бергенмін, көмек сұрап Қазақстанның өкілінен. Жауап жоқ.
Екі елдің ортасында қалған бұл қаланың сауда-саттығы да ерекше, дүкендері теңге мен рубльді бірдей қабылдайды. Бірақ, тұрғындарының материалдық жағдайы теңеспей қалған. Отандастарымыздың Байқоңырдан жер, не үй сатып алуға да құқығы жоқ. Туған жерінде өмір бойы қонақ болудан шаршағандар азаматтығын ауыстыруға мәжбүр.
Смайыл Юсупов, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
-Біздің Қазақстанның азаматтары Астанаға барып, азаматтықтан бас тартып, Ресейдің азаматтығын алып жатыр. Себебі, Ресейге барып пәтер алады.
Мұндағы жарымжан жандардың да мәселесі шаш етектен. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мүлдем қараусыз, көмекке мұқтаж. Ал, тепсе темір үзетіндері жұмыссыз сабалып жүр.
-Ақайдың, Төретамның пропискасымен ешкім жұмысқа тұра алмайды Байқоңырда.
- Қарапайым жұмысқа тұруға болады. Басқа жұмыстар тек Ресей азаматтары үшін.
Ресейге жалға берілген жерде Қазақстанның ресми өкілдерінде билік жоқ. Жабық қаладан іздеп жүріп таппадық. Мысалы, қазынаның миллиардтарына салынған мына аурухана төрт-бес жылдан бері бос тұр. Шенеуніктеріміз медициналық мекемені пайдалануға беру үшін Мәскеудің рұқсатын ала алмай сандалып жүр. Полициядан да қайыр шамалы. Олардың адамды қорғамақ түгілі, қылмыскерді ұстауға құқығы жоқ.
-Қалаға біз ешқандай қарамаймыз. Біз тек Ақай мен Төретам ауылына қараймыз.
«Байқоңырдағы бұл жағдайды жақында өзгергертеміз» деп әдеттегідей ешкім уәде бере алмайды. Қаланы жалға берілген уақыт тек 36 жылдан соң аяқталады. Сондықтан Ресейдің талабына көнуден өзге амал жоқ.