Журналист осы оқиғадан кейін БАҚ саласынан кетуді ұйғарған, деп хабарлайды Caravan.kz. медиа порталы.
Бұл туралы ойын ол желідегі парақшасында мәлім етті.
«… Осыдан 10 жыл бұрын, “Қазақстан” Ұлттық арнасы “Шетелдегі қазақ балалары” бағдарламасын Нұрсұңқарға ұсынды. Қазіргі Аманат медиа сыйлығы солай аталған. Ол шақта “Тұмар” болған жоқ. Бәрі сен аласың, деп құттықтап үлгерді. Сол кездегі қолдау білдірген әріптестеріме рахмет. Ұлттық арнаның директоры Илияс Башарұлы Искаков еді, құтты болсын, барып, жүлдеңді алып кел, деп шығарып салды. Кешке шараға келдім. Көз таныс журналистер, “Шетелдегі қазақ балаларымен” сайысқа ешкім түсе алмайды, деп құттықтап жатты. Шорт листке үш адам шықтық. Мен, Мақпал Қаратай, Майя Бекбаева. Мақпал, аңқылдап қалған жақсы адам ғой, әркез жобамды мақтап жүретін, сен алуың керек, мен алмасам, реніш жоқ, деді. Майя Бекбаевамен сырттай болмаса, таныстығым жоқ. Орыс тілді журналист. Бір кезде жеңімпаз жарияланды. Байсемізова емес, Бекбаева. Жанымда Айдос Үкібай тұрған, экс-президенттің баспасөз хатшысы. Бұрын, Хабарда бастық болғанда жұмыс сұрап барғам, алмаған. Алайда, сол сәтте оның көзінен, “өкінішті”, деген сөзді оқығандай болдым. Әлде, құжынаған адамның ішінде Үкібайдың көзімен ғана көзім түйісіп қалды ма, білмеймін. Әйтеуір, бір көңіл жұбату сияқты нышанды байқадым. Нұрсұңқар сенікі, деп алдын ала құттықтап қойған әріптестерім ақырын келіп “көңіл айта” бастады. Ой, жаман болғаным ай((. Кішкентай балаға ойнай тұр, деп қуыршақ ұстатып, қайта тартып алғандай. Біздің арнадан төрайым- Нұржан Жалауқызы Нұрсұңқар алды сол шарада.
Рас, көңілім қалды. Содан кейін де шығар, жобаны жауып тастаған соң, басқа программа жаса, деген тапсырмаларын орындамай, жұмыстан шығып кеткенім», - деп жазды ол.
Сонымен бірге жоба ел есінен кеткен, оны ең алғаш болып талантты журналист Гүлбану Әбенова еске алғанын айтты.
«Бәрінің есінен кетіп, жадынан өшкенде осыдан 1-2 жыл бұрын, орыс тілді журналист Гүлбану Әбенова, “Шетелдегі қазақ балалары” мен Нұрсұңқар туралы пост жазыпты. Рахмет, сізге Гүлбану ханым. Жобаны марапат үшін істемедім. Шығармашылық адам болған соң, көңіл деген болады екен. Болашақта, тасада қалып, еленбеген жанкешті журналистердің еңбегі жансын, деймін. Өзімді қоспаймын бұл тізімге. Басшыларға еңбегімен, кәсібилігімен, өткірлігімен емес, өтімділігімен ұнаған журналистер емес, шын үздіктер бағалансын, көтерілсін. Медиа саласындағы қандай байқау болмасын әділ өтсін. Мен болмаған алты жылдың ішінде қазақ телевизиясында ешнәрсе өзгермепті. Жағымпаздық, неше түрлі образ, маскалар көбейіпті.
20 жылдан астам уақыт телевизия саласында қызмет еттім. Өз күшіммен, адал еңбектен жеттім, неге жетсем де. Жебеушім болған жоқ. Қарапайым тілшіден, директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Не жұмыс тапсырса да тартынбай тиянақты істедім. Түрің жақсы екен, біреудің бірдеңесі екен деп берген жоқ. Менің өліп-тіріліп, жұмыс істейтінімді білген соң қойды. Мамандығыма адал болдым, арам ақша алғам жоқ. Канал басқару, арманым болған, бірақ, бір сәтте құндылықтарым өзгерді. Сол кезде кеткенім қандай жақсы болған. Әрі қарай екпіндеп кете берсем, мендегі бар ар-ұяттың саутамтығы қалмас па еді. Мен де маскадан маска ауыстырып, жоғарғы жаққа ыңғайлы, жоғарғы жақ естігісі келетін нәрсені арланбай істеп жүре беретін бе едім?! Мен де, канал басқарсам, эфирге екі сөздің басын құрай алмайтын, интеллекті нөл, бірақ миллион аудиториясы бар әнші, блогер, шоумэндерді жинап алар ма едім?! Мен де, қазақша-орысша аралас мәні жоқ сериалдарды рейтинг қуалап қойғызатын ба едім?! Мен де, кәсібі біліктілігі төмендеу адамдарға аутсорсингге жоба беріп, үнсіз ғана “рахметін” алып отыра беретін бе едім?!
Мен де, халықтың қазынасынан түсірілген алба-жұлба туындыға, орынбасарларымды шақырып ап, “махаббат көзімен” қараңдаршы дер ме едім?!», - деді ол.
Десе де журналист бүгінде ешкімге өкпелемейтінін жеткізді.
«Негізі бұл тақырыпқа оралмайтындай болып едім. Ситуациялық сәттер болады, ескіні қозғайтын. Ешкімге өкпе жоқ. Ешкімді сөккім жоқ.
Осы жолы, “Шетелдегі қазақ балаларын” абыроймен тапсырсам, қазақстандық медиа саладан мәңгілік кетем.
P.S. “Аманат” партиясына зор алғысымды білдіремін. Әсіресе, “Шетелдегі қазақ балалары” жобасының өзектілігі үшін табандылық танытқан Жанарбек аға Әшімжанға иіліп, рахмет айтамын. Жасаған берген Жанарбек аға, жасарыңыз көп болсын, абыройыңыз асқақтай берсін!», - деп ойын аяқтады ол.