«Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесі 2033 жылға дейінгі жаңартылған даму жоспарын мақұлдады

Отырыс барысында холдингтің қызметі мен оны одан әрі дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Директорлар кеңесі Холдингтің 2024-2033 жылдарға арналған даму жоспарын жаңартуды мақұлдады. Енгізілген өзгерістер «Бәйтеректің» мемлекеттік инвестициялық саясатты жүзеге асырудағы рөлін күшейтуді, жеке капиталды тарту тетіктерін кеңейтуді және инвестициялық бастамаларды қолдаудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруды көздейді. 

Холдинг қызметінің жаңа моделі үш стратегиялық бағытты қамтиды, олар – активтерді тиімді басқару, қуатты бизнесті дамыту үшін жағдай жасау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру.

Негізгі басымдықтардың бірі – экономиканың нақты секторын ауқымды көлемде қаржыландыру. Холдинг республикалық бюджеттен жыл сайын 1 трлн теңге көлемінде капитал алу арқылы кәсіпкерлік блогын қаржыландырудың жылдық көлемін 8 трлн теңге деңгейінде сақтауды жоспарлап отыр. 2026 жылдың басынан бері Холдингтің барлық қолдау құралдары бойынша, оның ішінде тұрғын үй бағыты бойынша игеру көрсеткіштерін ескере отырып, жалпы қаржыландыру көлемі 6,9 трлн теңгені құрады. Оның 5,1 трлн теңгесі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.

Сонымен қатар қаржылық модель бюджет қаражатына тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетуді көздейді. 2029 жылдан бастап нарықтық қаржы көздерін кеңейту есебінен бюджеттік қаржыландыруды біртіндеп алмастыру жоспарланған.

Жаңартылған Даму жоспары Холдингтің стратегиялық инвестор және елде қалыптастырылып жатқан инвестициялық экожүйенің негізгі қатысушыларының бірі ретіндегі рөлін бекіте түседі. Негізгі басымдық жобаларды сапалы дайындауға, жеке инвестицияларды тартуға және бизнесті қаржыландыру кезінде екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимылды кеңейтуге берілген.

Холдингтің жұмысы салалық басымдықтар мен экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, жобаларды қалыптастыруды және сүйемелдеуді көздейтін «инвестицияларға тапсырыс» қағидаты бойынша жаңа инвестициялық цикл аясында ұйымдастырылады. Қабылданып жатқан шаралар экономиканы әртараптандыруға және шикізаттық емес секторды қолдауды кеңейтуге бағытталған.

Директорлар кеңесі сондай-ақ Холдингтің 2025 жылғы жылдық есебін бекітті. ESG-көрсеткіштер алғаш рет Холдингтің бүкіл компаниялар тобы бойынша шоғырландырылған негізде ұсынылды.

Бұдан бөлек, Корпоративтік басқару кодексінің және Холдингтің орнықты даму саласындағы саясатының талаптарына сәйкес әзірленген Холдингтің 2025 жылғы орнықты даму туралы есебі бекітілді.

Қабылданған шешімдер Холдингтің инвестициялық рөлін күшейтуге, қызметінің ашықтығын арттыруға және корпоративтік басқаруды жетілдіруге бағытталған.