Бакуде футзалдан Еуропа чемпионатының алғашқы ойындары өтіп жатыр

1 топта Әзірбайжан, Испания, Қазақстан және Франция елдерінің ұлттық құрамалары орналасқан.

Кешегі ойын күнінде өткен бірінші матчта француздықтар испандықтармен кездесті, ойын нәтижесінде Испания құрамасы 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Екінші ойын бразилиялық жаттықтырушы Сильва Хосе Алезио жетекшілік еткен Әзірбайжан құрамасы мен отандық маман Әміржан Мұқановтың шәкірттері болып табылатын Қазақстан құрамасы арасында өтті.

Бірінші тайм басында Қазақстан спортшылары белсенділік танытып, қарсыластар қақпасына алғашқы гол салғанымен, әзірбайжандықтар Қазақстан құрамасының қақпасына 3 доп енгізді.

Екінші тайм да осы қарқынмен өтті. Ойынның қорытындысы 6:3 есебімен Әзірбайжан спортшыларының пайдасына шешілді.

Қазақстан құрамасы кезекті кездесуін бүгін испан ойыншыларымен өткізеді, ал әзірбайжандықтар Франция құрамасымен күш сынаспақ.

Еуропа чемпионатына барлығы 6 топқа бөлінген 24 команда қатысып жатыр.