Н.Әлиевтің айтуынша, жоба бойынша құрылыс жұмыстарының барысын талқылау үшін және қалған жұмыс көлемін айқындау үшін таяу уақыттарда Грузияда ауқымды жиын өткізілмекші.
"Биыл Грузияда қыс қатты болып, жұмыстар шамалы бөгелді. Алайда біз жұмыс кестесінен кешеуілдеп қалмау үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Грузияда Кура өзені арқылы өту жұмыстары тұр. Бірақ біз бұл істі сәуірде аяқтаймыз деп сенемін",- деді Н.Әлиев.
Оның айтуынша, мамыр айында мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі, ал шілде айында Грузиялық бөлігі мұнаймен толтырылады. "Ал Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбырының Түркиялық бөлігіндегі құрылыс жұмыстары 30-маусымда аяқталады",- деді Н.Әлиев.
Жалпы алғанда "барлық есептер мен көрсеткіштер біздің Әзербайжан мұнайы тиелген алғашқы танкерді Жейхан айлағынан 2005-жылдың қыркүйегінде жөнелту жөніндегі жоспарлы кестеден ауытқымайтынымызды көрсетіп отыр",- деді мемлекеттік мұнай компаниясының президенті.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталған.