Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры мұнайға толтырылды

Ағымдағы аптаның аяғына дейін терминалдағы резервуарлар толтырылады. Одан әрі бірінші танкерге мұнай тиеліп, әлемдік нарыққа жол тартады. Алғашқы мұнай партиясының көлемі 600 мың баррельге тең.

Жейхан теңіз терминалында шикі мұнайға арналған, сыйымдылығы 1 млн. баррельге тең 7 резервуар орнатылған. Ұзындығы 2 шақырымдық причал жұмыс істеуде. Одан бір уақытта жүк сыйымдылығы 300 мың тоннаға тең екі танкерге мұнай тиеуге болады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, танкерге тиелген Әзербайжан мұнайының алғашқы партиясын «Exxon Mobil» компаниясы сатып алды.

“Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын салу - Әзербайжан үшін аса маңызды жетістік. Ол Әзербайжанның ұзақ мерзімді дамуын қамтамсыз етіп, елімізді байытады, экономикалық әлеуетімізді тіптен нығайта түседі. Бұл тек Әзербайжан үшін ғана емес, жалпы аймақ үшін аса маңызды тарихи оқиға. Бұл - әлемдік маңызы бар тарихи оқиға”,- деп мәлімдеді Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан мұнайының Жейхан терминалына жетуіне байланысты республика халқына арнаған жолдауында.

“Дүниежүзіндегі аса ауқымды энергетикалық жоба - Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры жүзеге асты. Кезінде орындалмас аңыз сияқты көрінген жоба. Биылғы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетін Баку-Тбилиси-Эрзурум газ құбыры да Әзербайжанның жан-жақты дамуына қызмет етеді”,- деді президент.

И.Әлиевтің пікірінше, дүниежүзінде, соның ішінде Еуропада қазір энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне айрықша маңыз берілуге байланысты бұл тұрғыда Әзербайжанның маңызы да арта түсті. “Бұл бір жағынан бізге қыруар экономикалық пайда әкелсе, екінші жағынан - ұлығаусар саяси капитал болмақ”,- деді И.Әлиев.

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын пайдалануға беру салтанаты 13-шілдеде өтеді. Қазір құбыр мұнаймен толтырыла түсуде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%.

Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары 2003-жылдың сәуір айында басталған.