Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстан Ақтау-Батуми бағытында мұнай тасымалдауды жалғастыра береді

Қ.Қабылдиннің айтуынша, бұл бағытта сапасына қарай Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына жіберілмейтін мұнай сорттары тасымалданатын болады. "Ал Ақтау-Батуми бағытында қанша мұнай тасымалданатыны әзірге белгісіз. Біздің болжамымыз бойынша, жылына 2-3 млн. тоннадай мұнай тасымалдануы мүмкін",- деді ол.

Сонымен бірге басқарушы директордың айтуынша, теңіз және темір жол арқылы мұнай тасымалдауда бағаны арзандатуға мүмкіндік болуына байланысты Ақтау-Батуми бағытын экономикалық тұрғыда тиімді бағытқа айналдыруға болады. "Ақтау-Батуми бағытының тиімділігін арттырған жағдайда оған деген сұраныс сөзсіз арта түседі",- деді Қ.Қабылдин.
1996-жылдан бері Қазақстан жылына 6 млн. тонна мұнайды танкерлер мен темір жолды пайдалана отырып Әзербайжан арқылы Грузияның Қара теңіздегі айлақтарына дейін құрғақтағы кеніштерден тасымалдауда. 1 тонна мұнайды тасымалдау құны 28-32 доллар тұрады. Бұл бағаға мұнайды Каспий арқылы тасымалдау құны, терминалдардағы тасымал құны, сондай-ақ, мұнайды темір жол арқылы Батуми айлағына дейін тасымалдау бағалары енген.