Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын дәнекерлеу жұмыстары аяқталды

Компаниядағылардың хабарлауынша, қазіргі жағдаймен Әзербайжандағы құбырлардың 98 проценті көміліп, насосты станциялар толық дайын болды. Ал Грузияда насосты станциялардағы жұмыстар 97 процентке орындалды. Түркияда құбырларды көму үшін 7 шақырымдық траншея қазу, 30 шақырым құбырды көму, 636 шақырым жерді қалпына келтіру жұмыстары қалып отыр.

Құбырға мұнай мамыр айында жіберіле бастайды.
Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының Әзербайжанға қарасты бөлігінің құрылыс жұмыстарын атқарушы мердігер - Грецияның Consolidated Contractors International Company, Грузиялық учаскесінің мердігері - Spie Capag/Petrofag компаниясы болып табылады. Соңғысы екі ел аумағындағы насосты станцияларды салушы мердігер ролін қоса атқарады. Ал мұнай құбырының Түркияға қарасты бөлігін осы елдің BOTAS компаниясы салып жатыр.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil -8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Әзербайждан мұнайын тиеген алғашқы танкер Жейхан айлағынан 2005-жылдың ІІІ тоқсанының аяғы мен ІҮ тоқсанның басында жіберу көзделіп отыр.