Бала қауіпсіздігі үшін ата-ананың үнемі бақылауы жеткілікті ме?

Қауіпсіздік шаралары туралы ескертулер күн сайын көбейіп келеді. Терезені ашық қалдырмау керек, баланы суда жалғыз қалдырмау керек, пешті тексеру керек, жолдан өткенде абай болу керек. Әлеуметтік желіде ата-аналарға кеңес беретін мамандардың да саны артып келеді. Алайда, қауіпсіздік туралы ақпарат көбейген сайын адам шынымен қауіпсіз бола ма? Caravan.kz медиа порталы қызықты зерттеуді ұсынады. 

АҚШ-та аталмыш мәселеге қатысты «safety fatigue», яғни «қауіпсіздіктен шаршау» деген жаңа ұғым пайда болды. Нью-Йорктегі педиатр әрі екі баланың анасы бұл құбылысты әлеуметтік желідегі қарапайым мысалмен түсіндіреді.

Instagram-да бір видеода өрт сөндіруші түнде баланың жатын бөлмесінің есігін жабық ұстау өрт кезінде оның өмірін сақтап қалуы мүмкін дейді. Келесі видеода бала суға түсіп кеткен жағдайда оны алыстан оңай байқау үшін қандай түсті жүзу киімін таңдаған дұрыс екені айтылады. Әрине, мұндай кеңестердің әрқайсысы маңызды. Десе де, ата-ана күн сайын осындай ондаған кеңеске тап болады. Кейде олардың өзі бір-біріне қайшы келеді. Уақыт өте келе адам ақпараттың көптігінен шаршап, ескертулерге бұрынғыдай назар аудармайтын жағдайға жетуі мүмкін.

Психологтардың айтуынша, үнемі қауіп күтіп өмір сүру де созылмалы күйзеліс секілді адамды қажытады. Нәтижесінде адам не бәрінен қауіп көріп, шамадан тыс алаңдайды, не керісінше, ештеңеге алаңдамайтын күйге түседі.

Қазақстанда керісінше, балаларды күнделікті өмірдегі негізгі қауіптерден қорғайтын қарапайым әдеттер мен қауіпсіз орта әлі толық қалыптасқан жоқ. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылы елімізде сыртқы себептерден 0-14 жас аралығындағы 733 бала қайтыс болған. Бұл қатарға жол-көлік оқиғалары, суға кету, тұншығу, өрт және басқа да жазатайым жағдайлар кіреді.

Үш жағдайда бір қауіп  

Терезе

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы елімізде балалардың терезеден құлауына байланысты 243 жағдай тіркелген. Оның 216-сында балалар жарақат алған, 27 жағдай өліммен аяқталған.

Бас прокуратура мұндай оқиғалардың негізгі себептерінің бірі ретінде ересектер тарапынан бақылаудың болмауын атайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде де ата-аналардың балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамауына ғана емес, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеуіне қатысты жауапкершілік қарастырылған.

Улы газ

Жылыту маусымы сайын иіс газынан уланған адамдар туралы қайғылы хабарлар тарайды. Көп жағдайда оның себебі жылыту жүйесінің ақауы немесе пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. ТЖМ мәліметінше, биылғы жылдың сегіз айында пешпен жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан иіс газынан 19 адам қаза болған. Оның үшеуі - бала.

Қауіп жеке үйлермен ғана шектелмейді. Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде 13, 5 және 2 жастағы үш бала улы газдан қайтыс болған.

Су

Суға кету де балалар арасындағы қайғылы жағдайлардың негізгі себептерінің бірі. ТЖМ дерегіне сәйкес, биыл шомылу маусымы басталған 1 маусымнан 31 тамызға дейін 44 бала суға кеткен. Ведомство мұның негізгі себептері ретінде рұқсат етілмеген жерлерде шомылуды және ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін атайды.

Үш жағдайдың табиғаты әртүрлі. Бірақ олардың түйіні бір: баланың қауіпсіздігі тек ата-ананың сол сәтте қаншалықты мұқият болғанына тәуелді болмауы керек.

Үйде терезеге қорғаныс қойылса, бала оған кездейсоқ шыға алмайды. Суда қауіпсіздік ережесі сақталса, қауіптің ықтималдығы азаяды. Пеш пен мұржа алдын ала тексерілсе, қайғылы жағдайдың алдын алуға болады.

Яғни қауіпсіздік тек «балаға абай бол» деген ескертуден тұрмауы керек. Қауіптің өзін азайтатын орта қажет.

Бала неге өзін-өзі қорғай алмайды?

2-5 жастағы бала ашық тұрған терезені көргенде «бұл қауіпті» деп емес, «сыртта не бар екен?» деген қызығушылық пайда болады. Сырттан естілетін көліктің дауысы, құстардың ұшуы, басқа адамдардың дауысы баланың назарын бір сәтте аударып әкетуі мүмкін. Ата-ана «терезеге жақындама» деп он рет айтса да, бала оның қауіпті екенін түсінбеуі мүмкін. 

Психология ғылымдарының кандидаты Татьяна Кравцованың айтуынша, ережені білу мен сол ережені қажетті сәтте қолдану екі түрлі нәрсе.

«Бала ережені білуі мүмкін. Бірақ оны нақты жағдайда пайдалану қабілеті әлі қалыптаспаған», — дейді маман.

Бұл жаста баланың өз әрекетін бақылау, импульсін тежеу және оның салдарын алдын ала болжау қабілеті әлі дамып келеді. Мысалы, ересек адам үстелдің шетінде тұрған стақанды көрсе, оның құлап кетуі мүмкін екенін бірден түсінеді. Ал кішкентай бала үшін мұндай себеп-салдар байланысы әлі толық қалыптаспаған.

Психолог балаларда биіктіктен қорқу туа біткен қасиет деген пікірдің де ғылыми дәлелі жоқ екенін айтады. Бала сақтықты біртіндеп өз тәжірибесі арқылы үйренеді. Бірақ бұл оның әрдайым қауіптен сақтанатынын білдірмейді.

«Бұл тіл алмау немесе әдейі жасалған әрекет емес. Төрт-бес жастағы бала “енді қайтып шықпаймын” деп шын ниетімен уәде беруі мүмкін. Бірақ кейін тағы да сол әрекетті қайталауы ықтимал. Себебі ол жаста бала пайда болған импульсті толық тежей алмайды», — дейді Татьяна Кравцова.

Неліктен ата-ана біртіндеп сақтығын жоғалтады?

Ата-ана әдетте «менің балам терезеден ешқашан құламайды» деп ойламайды. Оның ойы күнделікті тұрмысқа байланысты болады: «Бір минутқа ғана шығып кеттім», «Бұған дейін ол мұнда шыққан емес», «Біз бұл туралы сөйлескенбіз», «Өзім де жанындамын».

Осылайша бастапқыда қауіпті болған жағдай біртіндеп ми үшін үйреншікті ортаға айналады. Бұл жауапсыздық емес, адамның миына тән механизм. Ми қауіптің ықтималдығын бұрынғы тәжірибеге сүйене отырып үнемі бағалап отырады.

«Қауіпсіз аяқталған жағдайлар қаншалықты көп қайталанса, терезені шұғыл қауіп көзі ретінде қабылдау соғұрлым қиындай түседі», — дейді психолог.

Бұған қоса, балалар өте жылдам дамиды. Кеше ғана бала терезенің алдына шыға алмайтын болса, бүгін ол подоконникке көтерілуді үйренуі мүмкін. Мұндай өзгерісті ата-ана әрдайым дер кезінде байқап үлгермейді.

Сондықтан, Татьяна Кравцованың пікірінше, қауіпсіздік ата-ананың тәулік бойы сақ отыруына сүйенбеуі керек. Ол үшін қоршаған ортаның өзі қауіпсіз болуы маңызды.

Психолог ата-аналарды «жақсы» және «жаман» деп бөлуге де қарсы.

«Адамның баласын жақсы көруі оның тәулік бойы бір сәтке де назарын бөлмей отыра алатынын білдірмейді. Егер баланың қауіпсіздігі үшін анасы немесе әкесі 24 сағат бойы барынша мұқият болуы қажет болса, онда қауіпсіздік жүйесінің өзі дұрыс құрылмаған», — дейді ол.

Қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуге болады?

Психолог ата-аналарға тағы ондаған тыйым мен кеңес қосудың қажеті жоқ деп санайды. Керісінше, ең үлкен қауіп тудыратын бірнеше жағдайды бір рет дұрыс ұйымдастырып алған жөн.

Мысалы, терезеге қатысты үш қарапайым қағида бар:

Біріншісі — терезеге арнайы қорғаныс орнату. Масадан қорғайтын тор баланың құлап кетуінен сақтайтын құрал емес.

Екіншісі — терезе маңындағы жиһазды алыстату. Бала орындық, үстел немесе басқа жиһаз арқылы терезеге оңай көтеріле алмауы керек.

Үшіншісі — баланың «бәрін түсінетініне» толық сенбеу. Тіпті ережені жақсы білетін бала да бір сәттік қызығушылыққа беріліп кетуі мүмкін.

Дәл осы тәсілді су, газ, өрт сияқты басқа қауіптерге де қолдануға болады.

Қауіптің алдын алу үшін күн сайын өзіңе «абай болу керек» деп қайталағаннан гөрі, қауіпті жағдайдың өзін барынша болдырмайтын орта қалыптастырған тиімді.

Үнемі қорқып өмір сүрудің қажеті жоқ

Психология ғылымдарының кандидаты Татьяна Кравцова қауіпке тап болып, қатты қорқып қалған ата-анаға тағы бір ұзақ нұсқаулықтың қажеті жоқ екенін айтады.

Мұндай жағдайда алдымен қорқыныштың қалыпты реакция екенін түсіну маңызды. Алайда одан кейін үрейді күшейте беру емес, қауіптің өзін азайту керек.

Яғни ата-ана өз мазасыздығын он есеге арттыру емес, үйдегі қауіпсіздікті он есеге күшейтуге жағдай жасау керек. 

«Үнемі қорқынышпен өмір сүрудің қажеті жоқ. Қазір сіз бәрін бақылауға алғыңыз келуі мүмкін. Бұл түсінікті әрекет. Бірақ баланы бақылай бермей, оның айналасындағы қауіпсіздікті күшейтуге тырысу керек», — деп атап өтті Татьяна Кравцова.