Балабақша дауы: Кафельден еден төсеуге тыйым салынды

Еске сала кетейік, Қарағандыдағы жеке балабақшалардың бірінде бүлдіршіннің кафельді еденге құлаған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде дау тудырған болатын. 

Ол видеоны YouTube-ке Рүстем Рашев есімді пайдаланушы жариялаған. «ҚазАқпарат» тілшісі Р. Рашев балабақша тәрбиеленушілерінің бірінің әкесі екенін анықтады.

Балабақшаның әкімшілігі оқиғадан қорытынды шығарып, балалардың отыруына қолайлы орындықтар қойды. Ал еденнің неліктен қатты материал - кафельден жасалғанын оның жарық сенсорларымен жабдықталғанымен түсіндірді.

Қарағанды «Білім бөлімі» ММ жалпы және орта білім секторының меңгерушісі Наталья Головина мектепке дейінгі білім мекемелерінде еденді кафельмен қаптауға тыйым салынғанын айтты.

«Ол балабақша мектепке дейінгі білім саласында қызмет ету туралы хабарлама алмаған, ол жеке балабақша. Сондықтан да біз олармен тікелей жұмыс жасамаймыз. Балабақшалардың барлығы белгіленген тәртіпте тіркеліп, қызметін бастау туралы хабарлама алуы тиіс», - деді ол.


Сонымен қатар білім бөлімінің өкілі ата-аналарды әлеуметтік желіге мұндай видеоларды жарияламас бұрын, ресми түрде тиісті органдарға хабар беруге шақырады.