Балалар контенті: бала санасын кім және қалай қалыптастырып жатыр?

Балаларға арналған контент бір қарағанда жай ғана ойын-сауық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның ар жағында баланың мінезіне, тіліне, дүниетанымына, талғамына және құндылықтарына әсер ететін үлкен күш жатыр. Сондықтан “балалар контенті” деген ұғым тек мультфильм немесе көңілді видео емес, бұл — бала санасын қалыптастыратын маңызды медиа кеңістік.

Осы тұрғыда Caravan.kz медиа порталының тілшісі “Balapan” телеарнасының шеф-редакторы Айымзада Сәндібаевамен сұхбаттасты.

- Қазіргі таңда балаларға арналған отандық контенттің сапасына қандай баға берер едіңіз?

- Соңғы жылдары балаларға арналған отандық контенттің сапасы айтарлықтай жақсарып келеді. Қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер, танымдық бағдарламалар, балаларға арналған тележобалар көбейіп, олардың техникалық және көркемдік деңгейі де өсуде. Бұл әрине көз қуантады. Сонымен бірге балалардың қызығушылығы өте жылдам өзгеріп жатқанын ескеруіміз қажет. Бүгінгі бала әлемдік платформалардағы ең сапалы контентті көреді. Сондықтан біздің өнімдер мазмұн жағынан ғана емес, визуалды шешімі, сценарийі, кейіпкерлері мен баяндау тәсілі жағынан да үлкен деңгейге ұмтылуы тиіс. Ең маңыздысы - біз балаларға тек көңіл көтеретін емес, олардың дүниетанымын кеңейтетін, кітап оқуға, ғылымға, шығармашылыққа, спортқа және ұлттық құндылықтарға қызықтыратын контент ұсына білуіміз керек. Балалар контенті - болашақ ұрпақтың тәрбиесіне әсер ететін маңызды құрал деп ойлаймын.

- Балалар арасында кітап оқуға, ғылымға және шығармашылыққа қызығушылықты арттыратын контентті қалай көбейтуге болады?

- Бүгінгі ұрпақ тез баурап алатын, жылдам контенттерді жақсы көреді. Ұсынылған контент алғашқы секундтарынан балаларды қызықтырып әкетуі керек. Сондай-ақ, балалар жай ақпараттан гөрі қызықты оқиға, ойын элементтері, интерактивті форматтарды жақсы қабылдайды. Сондықтан кітапты немесе ғылымды тек түсіндіріп қана қоймай, оны шытырман оқиғаға айналдыру маңызды. Теледидармен қатар YouTube, әлеуметтік желілер және цифрлық платформаларда қысқа әрі нақты, жалықтырмайтын контенттерді көбейту қажет. Сонымен бірге, кітап оқитын, өнермен немесе ғылыммен айналысатын балаларды экранға көбірек шығару арқылы біз өзгелерге де үлгі көрсете аламыз.

- Жасанды интеллект балаларға арналған контент жасауда қандай мүмкіндік береді және қандай қауіптері бар?

- Жасанды интеллект балалар контентін жасауда үлкен мүмкіндік ашып отыр. Ол тарихи кезеңдерді, ертегілерді немесе ғылыми құбылыстарды бұрынғыдан әлдеқайда әсерлі визуализациялауға, күрделі тақырыптарды балаларға жеңіл әрі қызықты түрде түсіндіруге көмектеседі. Сонымен қатар өндіріс процесін жылдамдатып, жаңа шығармашылық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Дегенмен  ЖИ ешқашан адамның шығармашылығы мен жауапкершілігін алмастырмауы керек. Әсіресе балаларға арналған контентте әрбір ақпараттың дұрыстығы, тәрбиелік мәні және психологиялық қауіпсіздігі мұқият сарапталуы қажет. Сондықтан жасанды интеллект – автордың орнын басатын құрал емес, оның жұмысын күшейтетін көмекші құрал. Менің ойымша, адам шығармашылығы мен жасанды интеллект мүмкіндіктері үйлестіре отырып  балалар контентін сапалы түрде дамыта аламыз.