Осы тақырып төңірегінде Caravan.kz медиа порталының тілшіс бала тәрбиесі мен контент жасаудың ерекшеліктері туралы Күзембай Мадина Мұратбекқызымен сұхбаттасты.
-Мадина ханым, балаңызбен контент түсіруді қанша жасынан бастап қолға алдыңыз және не себеп болды?
– Баламмен контент түсіруді шамамен екі жасынан бастап қолға алдым. Бұған арнайы жоспар немесе алдын ала ойластырылған мақсат себеп болған жоқ. Балам кішкентай кезінен-ақ өте қызықты, ашық-жарқын әрі тартымды болды. Оның күнделікті әрекеттері, сөйлеу мәнері, түрлі жағдайларға білдіретін реакциясы айналасындағы адамдарды бірден баурап алатын. Камерадан қысылмайтын, керісінше, өзін еркін ұстап, видеоға түсуге қызығушылық танытатын.
Бірте-бірте оның бойынан шығармашылыққа бейімділік пен актерлік қабілет байқала бастады. Кейде видеоны қалай түсіру керек екенін өзі ишарамен көрсетіп, қызықты әрекеттер жасап, жаңа идеялардың туындауына себеп болатын. Сондықтан контент түсіруге баламның өзі түрткі болды деп айтуға болады. Біз оның табиғи мінезін өзгертуге немесе арнайы рөлге салуға тырыспаймыз. Көбіне күнделікті өмірдегі шынайы, көңілді сәттерді ғана камераға түсіреміз. Ең бастысы – балаға бұл үдеріс ауырлық түсірмеуі және оның қызығушылығы мен қалауына сай болуы.
-Шығармашылықпен айналысу баланың тұлғалық дамуына қалай әсер етеді?
– Шығармашылықпен айналысу баланың тұлғалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Контент түсіру барысында ол өз ойын еркін әрі ашық жеткізуге, сезімін жасырмай, шынайы болуға үйреніп келеді. Камера алдында өзін сенімді ұстап, ойын анық айтуы оның қарым-қатынас жасау қабілетінің дамуына да ықпал етуде.
Сонымен қатар шығармашылық баланың қиялын кеңейтіп, тапқыр әрі алғыр болуына көмектеседі. Ол әртүрлі жағдайға тез бейімделіп, жаңа идеялар ұсынуға, өз бетінше шешім қабылдауға талпынады. Ең бастысы, бұл үдеріс баланың табиғи болмысын сақтай отырып, өз қабілетін танып, өзіне деген сенімін арттыруына мүмкіндік береді. Сондықтан шығармашылықпен айналысу оның ашық, белсенді, ізденімпаз әрі жан-жақты тұлға болып қалыптасуына тікелей көмегін тигізіп отыр.
- Балалардың шығармашылық әлеуетін ашуда ата-ананың рөлі жайлы айтсаңыз...
-Баланың шығармашылық әлеуетін ашуда ата-ананың қолдауы өте маңызды. Ата-ана баланың қызығушылығын байқап, оның бастамаларын қолдап, еркін ойлауына мүмкіндік беруі керек. Ең бастысы – баланы өзгелермен салыстырмай, жетістігін мадақтап, қателесуіне түсіністікпен қарау. Осындай қолдау баланың өзіне деген сенімін арттырып, қабілетін дамытуға көмектеседі.
- Контент түсіруде, яғни , әлеуметтік желіні жүргізуде балаңыздың ой-өрісінің дамуына қалай әсер етуде...
- Контент түсіру баламның ой-өрісін кеңейтіп, өз ойын еркін жеткізуіне ықпал етті. Ол жаңа идея ойлап табуға, түрлі жағдайды саралауға және шығармашылық тұрғыдан шешім қабылдауға үйреніп келеді. Сонымен қатар әлеуметтік желі жүргізу оның жауапкершілігін, байқампаздығын және қарым-қатынас жасау қабілетін дамытуға көмектесті.