"Балалар үшін қорқасың". 13 жастағы қыз өлі табылған құдық қайда?

Астанада 25 қарашада 13 жастағы қыздың денесі табылған құдық адам көп жүретін Қошқарбаев пен Өзбек Әлі Жәнібек көшелерінің қиылысында орналасқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Тұрғындар бұл көшемен көп жүреді екен. Құдықтан 100 метр жерде аялдама бар, Қошқарбаев көшесінен 300 метр жерде тағы бір аялдама бар. Полицейлер қыздың денесі табылған құдықты қоршауға алды. Қазіргі уақытта ол жабық тұр. Ол құдықтың маңында тағы бір люктің қақпағы тұр. Қайғылы жағдай болған жерден бірнеше шақырым жерде № 83 мектеп-гимназиясы орналасқан. Оқушылардың ата-анасы қазір уайымдап жатыр. Олардың айтуынша, балалар мектепке барарда және қайтарда қыз құлап кеткен құдықтың маңынан өтеді. Кейбір тұрғындар ескі әдет бойынша экс-әкім, ал қазіргі уақытта Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтен көмек сұрап жатыр. Ата-аналардың уайымы босқа емес екен. Себебі мектептің маңында ашық жатқан құдық тұр. Балалар ол аумақты айналып өтіп жүр екен. Онда ескерту белгісінен басқа аумақ қоршауға алынбаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар ашық жатқан құдықтарды өздері қоршауға алып қояды. "Қазір барлығы қардың астында қалды, құдықтар көрініп тұрған да жоқ. Балалар үшін қорқамын", - дейді жергілікті тұрғындардың бірі Айгүл. Еске сала кетейік, мұның алдында Астанада жоғалып кеткен 13 жастағы қыздың құдықтан табылғаны хабарланған болатын. Қыздың қайтыс болғаны туралы ақпаратты ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі өкілдері растаған еді.