Балалар үшін сурет салудың қыр-сыры мен пайдасы

Елімізде әр түрлі дамыту орталықтары да кең өріс алған. Жан-жақты терең білім алған ұстаздар саны да артып келе жатқаны сөзсіз. Дамыған елімізде ойы ұшқыр, арманы биік, талғамы жоғары баланы жан-жақты білім нәрімен сусындатуда еш қиындық жоқ.

Осы тұрғыда, Caravan.kz медиа-порталының тілшісі "Artclass" сурет салу курсының директоры Шамил Қуатбекұлы Жақашевпен тілдесіп көрді.

- Сурет салудың қыр-сыры мен пайдасы жайлы айтсаңыз. Балаға несімен және қай жағынан пайдалы?

- Көркем сурет сабақтары моториканы жақсы дамытады. Сурет салу – ойлауды, сөйлеуді, көруді және мидың екі жарты шарларын, яғни, мидың екі бөлігін дамытады. Сурет салу кезінде мидың екі жарты шарлары да қатысады, нейрондық байланыстар белсенді түрде пайда болады. Бала сурет салған сайын, миындағы шығармашылық, өнерпаздық  нейрондар бір-бірімен байланысады. Сөйтіп, кеңістіктік ақыл-ой мен қиялды дамытады. Сурет салу процесінде, нақты нәтиже алады, яғни, бала алдына мақсат қоюды, сол қойған мақсатына қадам арқылы жетуге үйретеді. Біз емес, сурет салу! Сонымен қоса, сурет салу - баланы тыныштыққа үйретеді. Әсіресе мынау, қырсық-қыңыр болудан сақтайды. Депрессияға және неврозға бейім балаларға сурет салу өте пайдалы. Кескіндеме арқылы балалар қоршаған әлемді шығармашылық тұрғыдан түсінуге үйренеді және әр адамның өзінің шындықты қабылдауы, объектілер мен құбылыстарды өзіндік көзқарасы бар екенін түсінеді.

Сурет салу - бұл эксперименттерді, шығармашылықты, объектілерді жеке көруді қамтитын процесс. Сызбада жұмыс жасау барысында бала жаңа және ерекше нәрсені жасау мүмкіндігі ретінде өзінің қателіктерін түсінуді үйренеді. Бұл тәсіл суретшінің еркін болуына, тәуелсіз және табысты болуына көмектеседі. Бұл дегеніміз, баланың миында шектеу болмайды. Яғни, шаблон болмайды. Сурет сала білген бала, шектеусіз, істей алмайтын , адам миына сыймайтын дүниелерді ойлап табуына көмегі өте зор. Суреттермен танысып, бояғышты таңдап, жұмысты жетілдіре отырып, бала нюанстарды ажырата білуге, жалпылама және ерекше көрінуге, салыстыруға үйренеді.

 Сурет салу балаларға эстетикалық тәрбие тұрғысынан беретін басты нәрсе - бейнелеу өнері арқылы дүниежүзілік мәдениетпен танысу. Яғни, табиғатты, жан-жануарларды, жалпы дүние жүзін көре отыра және оны салып мұқият танысады. Сөйтіп, бала табиғатқа жақын болады. Табиғатқа жақын болған бала мейірімді, кең пейілді, адал болады. Ассоциативті ойлауы кең дамиды. Сурет салу - оқушыларға математикалық, физикалық модельдерді түсінудің және басқа пәндерді игерудің кілті ретінде маңызды.

Суретте: "Artclass" сурет салу курсының директоры Шамил Қуатбекұлы Жақашев
 
 

- Қолына қалам алып, сурет салған бала мен сурет салмаған баланың айырмашылығы қаншалықты?

- Сурет сала алмайтын бала, сурет сала алатын баланың жанында, өз ойын нақты жеткізіп қағаз бетіне түсіре алмайды. Қарапайым сурет салған күннің өзінде өз салған суретін түсіндіріп бере алмайды. Түсіндірсе де, кең көлемде ойын толық жеткізе алмайды. Сурет сала алатын бала, өз ойындағы суретті қағаз бетіне мұқият түсіріп, толықтай түсіндіріп, мән-мағынасын жеткізе біледі.

Айта кетер жайт, суретті жай сала салудың да мәні жоқ. Арнайы сурет салудан терең білім алып, тәжірибиелі маманнан дәріс алудың да рөлі өте жоғары.


-Елімізде сурет салу конкурсынан жарыстарға қатысып жүргендеріңіз белгілі. Бірақ, әлемдік жарысқа бардыңыздар ма?

- Дұрыс айтасыз, елімізде түрлі жарыстарға барып, жүлделі орын алып алып келеміз. Дипломдар мен сертификаттарға баймыз десем де артық емес. Еңбегімізге қарай, жемісіміз бен жетістіктерізді көріп жүрміз. Біздің курсымызға көп жыл жұмыс жасамағаннан кейін, әлемдік жарыстарға шыққан оқуышымыз жоқ. Дегенмен, осы қарқынды одан ары дамыту қолда бар. Сол уақыттарда әлемдік жарыстардан бой көрсетуіміз әбден мүмкін.

- Қазіргі таңда карантинге байланысты онлайн сурет салу сабағы қалай болып жатыр?

- Өкінішке орай, карантинге қарсы онлайн оқытуды жүйелемедік, бірақ жоспарда бар. Карантин уақытында шыға алмады. Бірақ, онлайн жұмыс жасау жоспарда бар. Жайдан-жай жасала салатын дүние емес. Бұл да біз үшін бір сабақ болды.

-Осы уақытқа дейін қанша шәкірт оқыттыңыздар? Сурет салуды қанша ай, қанша жыл оқиды. Белгілі бір уақыты бар ма?

-Біздің "Artclass" сурет салу курсымызда 9 жылдық тәжірибесі бар, мықты мұғалімнің қолынан 54 оқуышымыз шықты. Курсымыздың сертификатын алу үшін оқушы 2 жыл 10 ай оқу қажет.

Қазіргі уақытта тегін, ақылы көп курстар мен мектептер бар. Бірақ,олар балалардан нәтиже аз уақытта шығара алмайды. Неге? Өйткені, олар балалармен бір шаблондағы методикамен жұмыс жасайды.

Ал, біздің курсқа келген адам, мейлі ол 5 жаста болсын, мейлі 25 жастағы кісі болсын, қалам ұстай алмайтын болсын, біз одан 1 айда нәтиже шығарамыз. Егер нәтиже болмаса, сол ата-анаға ақшасын толықтай қайтарып береміз. Біздің артықшылығымыз да, ерекшелігіміз де осында.

 
 

- Өзіңіздің осы салаға келуіңізге не түрткі болды?

- Мен бұл салаға келуімнің себебі, мен өзім кішкентай бала кезімнен сурет салуды жақсы көретінмін. Мектеп бітіріп, маркетинг және бизнес саласын оқыдым. Сөйтіп, осы екі саланы біріктіріп өз курсымды неге ашпасқа деген ойға келдім. Енді, міне біздің курсымыз ашылып, жас суретшілерді оқытып жатырмыз.

- Балаларға кеңесіңіз...

- Мен балалардан бұрын ата-аналарға кеңес бергім келеді.

Құрметті ата-аналар! Баларыңыздың қиялдауына, армандауына, шығармашылық туындамаларды жасағанына шектеу қоймауларыңызды сұраймын! Бала мейлі сурет салмаса да, ол ойыншық ойнасын, мейлі, сол ойыншықты сындырсын, ол баланы ұрып, ұрысып, шектеміңіздер! Өйткені, баланы ұрсаңыз, миында шектеу тұрып қалады. Кейін, шығармашылық жағынан төмен болады. Біздің Қазақстаннан Илон Маск секілді шығармашыл, өнерпаз шықпауының бірде-бір себебі осы!

Баланы шек-те-ме-ңіздер! Бала сындырсын, қопарсын!

- Сұхбатыңызға көп рахмет! Тек биіктерден көріне беріңіздер!