Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Ербол Сейілханға берген сұхбатында соңғы қоңыраудағы даңғазалық пен ысырапшылдық туралы өз ойын айтты.
"Бірінші кезекте кінәліні іздегім келмейді. Екіншіден, балаларды кінәлі деп санамаймын. Балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Бұл жерде қоғамда қандай құндылықтар бар деген сұрақ қойып, қоғамдық этика мәселесін көтеруіміз керек. Егер, біз 500-600 адамды тойға шақырып, торт жасатып жарысып жатсақ, неге балаларымыз басқаша іс-әрекет жасау керек?! Қоғамда не болып жатқанын 25 мамырда көрдік. Балалар оны өздері сұрап алған жоқ. Ата-анасы махаббатын немесе мүмкіндігін көрсету үшін жасады. Ата-аналарды да кінәлағым келмейді. Себебі, олар да қоғамда қалыптасқан құндылықтарға байланысты осындай іс-әрекет дұрыс деп шешім қабылдады. Бұны тыйым салумен шешеміз деу орынсыз. Жалпы тыйым салу мәселесіне қатты сенбеймін. Кейбір сорақы мәселелерді тыйым шешетін шығар. Бірақ отбасы арасындағы, күнделікті өмірдегі мәселелерді заңмен реттей берсек, неге жетеміз? Оның шешімі - қоғамдағы құндылықтарды өзгерту, дұрыс құндылықтарды дамыту", - дейді ол.
Сондай-ақ, депутат соңғы қоңырауда қайырымдылық жасап жатқан түлектердің бар екенін де айтты.
"Соңғы қоңырауға ештеңе сатып алмай, лимузин жалдамай, мектеп бітіру кешін жасамай, барлық ақшаларын жинап, мүгедек адамдарға үй алып беріп жатқан оқушылар да бар. Мектебіне тал отырғызып, я болмаса кітапханасые толық жаңартып жатқан мысалдар да бар. Сондықтан біз бір жақты болмауымыз керек", - дейді Асхат Аймағамбетов.