Балаларға қолжетімді оңалту: Павлодарда екі бірдей орталық ашылды

26 желтоқсанда қалада Ерте араласу орталығы мен оңалту орталығы ашылды.

Бұл орталықтар жүйке-ортопедиялық бұзылысы, туа біткен даму кемістігі және жүйке жүйесінің аурулары бар балаларға сапалы және қолжетімді көмек көрсету мақсатында құрылды.

«QH Оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасы аясында ашылған «Қазақстан халқына» оңалту орталығы жыл сайын жүйке-ортопедиялық бұзылысы бар 3-18 жас аралығындағы 600 балаға оңалту қызметін ұсынады.

Орталықтың жұмысы медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтитын жеке оңалту бағдарламаларына негізделген.

Орталық ғимараты ERG компаниясының қолдауымен қайта жаңғыртылса, ал заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне «Қазақстан халқына» қоры демеушілік көрсетті.

Орталық мамандары Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен бірнеше рет біліктілікті арттыру курсынан өтті. Алдағы екі жылда халықаралық сарапшыларды тарту арқылы оқытудың тағы екі кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.

Биыл Ұлытау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында «Қазақстан халқына» қорының тағы 4 орталығы ашылды.

«Қамқорлық» ерте араласу орталығының басты ерекшелігі 3 жасқа дейінгі балалармен жұмыс істеуінде жатыр. Бұл патологияның алдын алып, даму қаупін азайтуға мүмкіндік беретін оңалту шаралары үшін ең қолайлы жас.

Орталықта барлық қажетті жағдай жасалды: жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи жабдықтар орнатылды, көпсалалы мамандар ұжымы жасақталды. Жыл сайын орталық 600 балаға тегін көмек көрсете алады.

Жалпы, 5 жыл ішінде «Қамқорлық» жобасы аясында 23 оңалту орталығы, 18 ерте араласу орталығы, аутизммен ауыратын балаларға арналған 7 орталық ашылды.

«Ашылып жатқан орталықтар – балалар арасындағы мүгедектікті азайту және өңірлердегі көмек көрсетуді қолжетімді ету жолында жасалған маңызды қадам. Балалардың орталықтарда жеткен жетістіктері мен мамандардың кәсіби өсуі бізді қуантады. Ортақ маңызды іске үлес қосқан серіктестерімізге алғысымыз шексіз!» – деді атқарушы директордың орынбасары Әлкей Марғұланұлы.