Мектеп асханасындағы сұмдық оқиға туралы видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"5 қарашада комиссия мүшелері Әлихан Бөкейхан атындағы лицей- мектебінде ас мәзірінде шошқаның шұжығынан жасалған асты көрдік. Бұл жағдайды біз білмедік. Сондықтан әкімшілік пен комиссия мүшелері алдағы уақытта бұндай жағдайға жол бермейміз. Мына шұжықтардың барлығын өз қолымызбен қоқысқа тастап жатырмыз", - дейді комиссия мүшесі.
Желіде тараған видеода асхана қызметшісі ата-аналардан кешірім сұраған.
"Құрметті оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар! Сіздерден бүгінгі жағдайға байланысты кешірім сұраймын. Ол фирманың шұжықтарының құрамында шошқа еті болады деп ойлаған жоқпыз. Енді пайдаланбаймыз, ас мәзірінде пицца, шұжық қосылған бәліш секілді тағамдар болмайды", - дейді аспаз.
Бір күннің ішінде мыңдаған қаралым жинаған видеоға желі қолданушылары түрлі пікір жазуда.
"Халал болсын, халал болмасын балаларға шұжық беруге болмайды", "Кез келген шұжықтың құрамында шошқа еті болады", "Неге аспаз кешірім сұрап отыр? Басшылық жауап берсін", "Негізі шошқа еті пайдалы, бірақ балаларға беруге болмайды", "Неге барлық шұжықты қоқысқа тастады? Басқаларға беруге болатын еді ғой", "Балалардың бұл харам тағамды қашаннан бері жеп келе жатқанын құдай білсін", - деп жазды олар.