Балаларға жаппай ВИЧ індетін жұқтыру дерегіне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа айыпкер ретінде тартылғандардың адвокаттары судья мен прокурорды өзгертуді талап етті - ақпарат көзі

Ақпарат көзінің айтуынша, судья мен прокурорды өзгертуді талап етуге процессуалдық нормалардың сақталмауы себеп болған. Оның айтуынша, заңнамаға сәйкес, адвокаттар сот мәжілісін ашық немесе жабық есік жағдайында өткізу туралы мәселе шешілген техникалық отырысқа шақырылуға тиіс болатын, алайда адвокаттардың ешқайсысы бұл отырысқа шақырылмаған. Олар сот мәжілістінің жабық есік жағдайында өткізілетіндігінен бейхабар қалған.

Сөйтіп сот тыңдаулары 22-қаңтарға шегерілді.

Бұған дейін де хабарлағанымыздай, сотқа 21 адам, соның ішінде 8 медицина қызметкері айыпкер ретінде тартылған. Екі айыпкер сотқа дейін қамауда болса, қалғандары ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта болды. Айыпкерлерге әрбір айыпкердің қылмыстық құрамына байланысты пара алу, алаяқтық, қымқыру, немқұрайдылық жөніндегі 4 бап бойынша айып тағылған. Денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы бастығы Нұрсұлу Тасмағамбетоваға немқұрайдылық туралы айып тағылған.

Оңтүстік Қазақстан облысында ауруханада дерт жұқтыруға байланысты ВИЧ індеті 87 бала мен олардың 12 анасынан анықталды. Індет жұқтырған 8 бала қайтыс болып, бір баланы асырап АҚШ-қа алып кеткен, тағы екі баланың отбасы облыс аумағынан тысқары жерде жүр.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті