Балалы әйелді қағып, оқиға болған жерден қашып кеткен жүргізуші құрықталды

Павлодарлық полицейлер балалы әйелді қағып, оқиға болған жерден қашып кеткен жүргізушіні құрықтады.


Облыстық полиция баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға сәрсенбі күні болған. 42 жастағы әйел жолды белгіленген өткелден өтіп бара жатқан балалы келіншекті қағып кеткен.
«Оқиғаны көрген куәгерлер бірден полицияға қоңырау шалып, көліктің нөмірін хабарлаған. Көп ұзамай жүргізуші ұсталды. Оның айтуынша, көліктің дөңгелегінде ақау пайда болып, тоқтамай тайып барып жүргіншіні қағып кеткен көрінеді», - делінген хабарламада.
Жарақат алған әйел ауруханада жатыр. Оның миы шайқалып, бас сүйегіне зақым келген. Арбада отырған бала дін-аман.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.