Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"8 жыл бұрын әйелім бала көтерді, бірақ түсік болып, 9 айында перзентханадан жалғыз шықты. Барлығымыз үшін өте ауыр болды. Әсіресе әйеліме... Депрессия, стресс.
Мен барынша қолдау білдіруге тырыстым. Жұмыстан ерте келетінмін, тамақ дайындайтынмын, көңілін аулауға тырыстым. Бір күні әйелім "Мен бұл жақта қала алмаймын. Қайда барамыз білмеймін, кетейікші Қазақстаннан" деді. Әрі бұл уақытта менің педагогикалық салада жүргеніме 10 жылдай болып қалған еді. Ал негізгі менің мамандығым - биотехнология, яғни ғылымның адамымын. Алла адамға потенциал берсе және ол оны дұрыс бағытта қолданбаса, бәрібір Алла сол потенциалын ашу жолында жұмыс жасау үшін барлығын жасайды екен. Мейіріммен де көрсетеді, біз түсінбесек, әрине шапалақ береді...
Сол шапалақ мен үшін баламнан айырылу болған сияқты. Себебі әйелімнің сол өтінішінен соң "Болашақ" талаптарын зерттеп, портфолиомды дайындап, ағылшын сертификатымды алып, тапсырдым. Айтпақшы, бұған дейін ол бағдарлама туралы әйелім де, мен де ойланбағанбыз. Бұны естіген алыс-жақындар "Ой, түсе алмайсың. "Болашақ" сатылып кеткен, танысың болмаса бос әурешілік" деді. Дейтіндер дей береді екен, еш танысы, артық ақшасы жоқ Бурхан шетелде оқуға 100% грант жеңіп алдық", - деді қазақстандық ғалым.