Баланы өнерге баулудың екі тәсілі бар: бірі - алдау, екіншісі - мәжбүрлеу – Қуантай Амантайұлы

Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуін түрлі ойындар, сайыстар, байқаулар арқылы жетілдіруге болады.

Дегенмен бүгінде елімізде балалар шығармашылығына қатысты түрлі байқаулар өтіпкізіліп жүр. Бұған қоса балаларға арналған басылымдарда жасөспірімдердің талантын ашып, қарым-қабілетін жетілдіру мақсатында әр түрлі шығармашылық сайыстар ұйымдастырып тұрады. Солардың бірі Республикалық «Білім айнасы» газеті.Аталған басылымның интернет нұсқасы балаларға арналған «Қылқалам», «Жас қалам» атты айдарлары арқылы жасөспірімдердің шығармашылығын насихаттау үстінде.

Осы себепті Caravan.kz медиа-порталы балалар шығармашылығына қатысты “Білім айнасы” қауымдастығының Президенті Қуантай Амантайұлымен тілдесіп көрді.

Қуантай Амантайұлы, сан жылдар бойы бүлдіршіндер шығармашылығымен жұмыс істеп жүргендіктен балалардың өнерге, шығармашылыққа деген құштарлығының ерекше екенін айтады.

«Журналистика саласында жүргендіктен жұмыс барысында балалардың бойында керемет күш барын байқаймыз. Балаларда білімге деген, білуге деген, үйренуге деген құштарлық бар.Сосын үлкен өмірге тез араласқысы келіп тұрады. Сосын біз балаларға арналаған «Қылқалам», «Жас тілші» деген айдарлар аштық және балалармен сол бағытта жұмыс жасадық. Сонда балалардың өздерінің шығармашылығын көбірек байқатуға тырысатынын көрдік. «Бұлақ көрсең көзін аш», дейді ғой қазақ. Сондықтан біз шамамыз келгенше жанайын деп тұрған дарынды балалардың көзін ашуға тырысып жатқан жайымыз бар, - деді Қуантай мырза өз әңгімесінде.

- Балалардың байқауға қатысуы, ат салысуы қалай, өздері біліп хабарласа ма әлде жарнама беру арқылы тартасыздар ма?

- Өздері сайт арқылы біліп хабарласады.Газеттен оқып хабарласады. Материалдарын жібереді. Былтыр «Абай оқулары» байқауын өткіздік. Оны біз жаңа форматта, яғни видео арқылы өткіздік. Онда да байқап көрейік, қызығушылық бола ма деген ниетпен өткіздік. Сол уақытта бір жетінің ішінде 200-ге жуық жұмыс келіп түсті. Бейнетаспаға түсіріп жібергендер бар. Ішінде мықты-мықты балалар бар. Ал енді кейбір балалар жай телефонға түсіріп жібере салады. Бірақ нағыз дарын екені көрініп тұрады. Онысы баланың оқуынан, басқа да қырларынан байқалады. Ондай балаларға орын беріп, арнайы марапаттадық. Өйткені баланы шамалы ынталандырып отырмаса ол да болмайды.

- Ал «Қылқалам» айдары бойынша да байқаулар өте ме?

«Қылқалам» айдары бойынша байқау өтпейді. Оған негізі балалар өздерінің туындыларын жіберіп тұрады. Яғни кез келген баланың салған суреттерін ақырындап шығарып тұрамыз.

- Ал жалпы таланты, дарыны бар балаларды бағыт-бағдар беріп, жетелеп отырасыздар ма?

- Ондай мәселе бұрын қаралмаған еді. Бірақ биыл қостық. «Білім айнасы» газетінің «Жас тілші» деген қосынын әр жерден ашып жатырмыз.Сонда балалармен жұмыс жасап отырамыз. Оған арнайы екі журналист бөлдік. Балалар өздерінің материалдарын жібереді. Оны өңдеп шығарып, түрлі кеңестер беріп отырамыз. Кемшіліктерін айтамыз немесе қай бағытта жазу керек, қай қырынан жазған дұрыс дегендей кеңестер береміз.


Дерек: Қазіргі кезде еліміздегі халық саны 18 миллион адамнан асты. Ал оның үштен бірі балалар болып табылады. Яғни 0 жас пен 17 жас аралығындағы балалар саны Республика халқының 31 пайызын құрайды. Нақты айтқан 5 млн 623 адамнан асады. Мұндай деректі inAlmaty.kz келтірді.

- Жалпы жыл өткен сайын балалар шығармашылығының дамуында өзгерістер бар ма?

- Енді бір баламен бір баланы салыстырмайсыз ғой. Кейбір балалар бар тұнған талант. Кейбір балалар қызығушылық танытады. Негізі баланы өнерге баулудың екі тәсілі бар. Бірі алдау керек, екінші мәжбүрлеу. Ал біз екеуін де жасай алмаймыз. Біз ақпарат саласында жұмыс істейміз, алдай алмаймыз. Біз тек қызығушылығын ояту арқылы ғана тартамыз. Мынандай жазсаңдар, мынадай сыйлық бар деген сияқты. Мысалы, Жамбыл облысында бір бала бар, сурет, шығарма жазумен айналысады. Түрлі байқауларға қатысады. Сондай балалар әр жерден шығып жатады.

- Менің айтайын дегенім, қазір заман өзгеріп жатқан соң балалардың да қиялы, фантазиясы өзгеріп жатыр ма дегенім ғой?

- Қазіргі балалардың өзгерісі өте керемет, қиялы өте ұшқыр. Бір мектепке бара қалсаң балалар робот құрастырып жатады. Басқа мектепке бара қалсаң, тағы бірдеңемен айналысып жатады. Енді бірінде компьютермен айналысады. Өткенде бір мектепте балалар видеомен сурет жасап жүр. Енді қараңыз бұлар технологияға жақын деген сөз. Бұл не деген сөз? Бұл яғни балалардың жаңашылдыққа деген көзқарасы ерекше дегенді білдіреді.

Шығармашылық – бүкіл тіршілік көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Бұған бүкіл халықтық, жалпы және жеке адамның шығармашылығы арқылы келдік. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткен жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс - әрекетінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді. Баланың шығармашылығын дамытатын тәрбиеші өзі шығармашылықпен жұмыс жасауы керек. Баланың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында өткізілетін ұйымдастырылған оқу - іс әрекеті барысында жаңа технология элементтерін пайдалану тиімді