Кітап Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылған.
«Алатау» романы кеңестік дәуірдегі «Ұлы қазан революциясы» деп танылған тарихи оқиғаны, одан кейінгі жылдардағы отырықшыландыру, коллективтендіру, колхоздастыру кезеңдерін қамтиды. Сол бір сындарлы кезеңдегі қазақ халқының ауыр тұрмысын, әлеуметтік жағдайларын суреттейді. ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы колхоздастыру кезеңінде жіберілген асыра сілтеулер, соның салдарынан ұлтымызды жайлаған ашаршылық жайы кеңінен баяндалады. Осы ауыр кезеңнен өтіп, есін жия бастаған елді тағы да ауыр күндер күтіп тұр еді. Бұл кітапта сол бір нәубеттен құтылған елдің басына түскен екінші зобалаң да, яғни 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау науқаны да халықтық трагедия ретінде толыққанды суреттелген.
Кітапқа алғысөз жазған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы-журналист, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов уақыт өткен сайын жұрттың іздейтін, сөзін сағынатын тұлғалар болатынын, халық олардың атын қастерлеп, ұлты үшін атқарған қызметін ой елегінен өткізіп, қалдырған мұрасын үкілеп ұстап, ел кәдесіне жаратуға тырысатынын алға тартады.
«Өткен түп-тұқиян тарихты қаузамай-ақ, күні кеше дүниеден өткен асыл ардақтыларымыз Бауыржан Момышұлы, Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шәймерденов, Қасым Қайсенов, Сейдахмет Бердіқұлов секілді қаламгерлерімізді алайықшы. Олар Кеңестік жүйенің ноқтасына басы сыймаған, салмақты да сардабал сөз айтып, шындықтың ауылын іздеп қана қоймай, оны наркескен болаттай шауып түсетін сөз зергерлері, уытты ойдың ордасы еді. Сондай орақ тілді, кінәз мінезді, жүрісі мен тұрысы үйлесім тапқан тағы бір ерекше тұлға бар. Ол - Балғабек Қыдырбекұлы! Халық кейбір анық жүріп, тура басатын, келелі де көсем сөз айтатын, мінезі бөлек тұлғаларды тегіне тартқан азамат деп әсте әспеттеп жатады. Бәкең көзі тірісінде де, дүние салғаннан кейін де әлдебіреулер жамыра жазып, тырнақ астынан кір іздеп, тағдырын таразылап жататын тұлғаға айналған жоқ. Ол ашық өмір сүрді, ашық жазды, анық сөйледі, тауып төрелік жасады»,- дейді У.Қалижанұлы.
Балғабек Қыдырбекұлы 1929 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдап, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне жұмысқа қабылданған. Осы редакцияда қатардағы қызметкерден бөлім бастығы, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, бас редактор дәрежесіне дейін өсіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін табаны күректей 36 жыл бір мекемеде қызмет еткені белгілі. Еңбек кітапшасында екі-ақ жазу бар. Бірі - жұмысқа кіруі, екіншісі - зейнеткерлікке шығуына орай газеттен кетуі.
У.Қалижанов алғысөзінде Балғабек Қыдырбекұлы зейнеткер болған кезінде де үйде отырмай, атқа мініп, Алатаудың көркем, тарихи жерлерін аралағанын еске алап келіп, сондай сапардың бірінен кейін қаламгердің жүрегі тоқтағанын жазады. Б. Қыдырбекұлы 1995 жылы дүниеден озды. «Ол не көрмеген, ол не көтермеген жүрек?! Жүрек те шаршайды екен. Әрине, адамдардың наласынан...»,- деп ой толғайды.
«Адамды өлтірмейтін оның сөзі мен ісі. Осы ретте Балғабек Қыдырбекұлының азаматтық тұлғасын асқақтатқан Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезін еске алуға тиіспіз. Парламент мінберінен айтқан оқтай қарыған сөздерін әлі де есте сақтап, айтып жүретін замандастары баршылық. Әсіресе, жер сатылуға тиіс емес, ұлттың тілі біреу ғана - ол қазақ тілі, - деп аттандаған кезі көзден де, көңілден де кетпейді. Оқырман қолына «Алатау» роман дилогиясының толық нұсқасы тиіп отыр. Бұл уақыт жылнамасы, адамдар тағдыры, қазақтың аласапыран тағдырының тайталасқа толы ғұмырнамасының бір үзігі... Бұл ел мен жер тарихы, бұл - халық тарихы»,- дейді Уәлихан Қалижанов.
Кітапты шығарған «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті, жазушы-журналист Дидахмет Әшімханұлы. Қос кітапты қамтыған жинақ 927 беттен, 59 баспа табақтан тұрады. Таралымы 2 мың дана.