«Өнер барысы» жобасының авторы, айтыскер ақын Балғынбек Имаш Наурыз мейрамы кезінде өтетін бірегей турнирге дайындық қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл - Жастар жылы деп жарияланғандықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жастарымызды ұлттық құндылықтарға бұру, ұлан байтақ даланы қалдырып кеткен ата-бабаларымыздың қайсарлығын насихаттау мақсатында осы жобаны ұйымдастырып отырмыз. Өнер саласында жүрген әншілердің, ақындар мен сықақшылардың сегіз қырлы, бір сырлы екенін көрсеткіміз келеді. Жастар қазір жұлдыздарға еліктейді. Біз неге әншілерді бір қырынан көруіміз керек. Жұрттың бәрі кез келген жоба болса, міндетті түрде әншілер қалмайды екен деп айтып жатады. Бірақ біз өнердің барлық саласынан үміткерлердің бәріне жол аштық», - дейді жоба авторы Астанада өткен баспасөз мәслихатында. Балғынбек Имаштың айтуына қарағанда турнирге 18 әнші мен ақын таңдап алынған. «Нұрлан Мұсаев деген маңғыстаулық балуан бірнеше жыл бұрын өз өңірінің Өнер барысы атанған. Нұрланмен бірге солтүстік өңірден шыққан Әлібек Серғалиев атты ақын да бағын сынайды. «Жаужүрек мың бала» деген фильм жастарға қалай әсер еткенін білесіздер. Батырлардың рөлін сомдаған жігіттер өмірде қандай екен деген сұрақтар да сұралып жатты. Ол жігіттер өздерінің кинода сомдаған кейіпкерлерімен ешқандай айырмашылығы жоқ екенін осы жобада дәлелдей алады. Сондықтан, сол фильмдегі басты рөлдегі үш жігіт те қатысқалы отыр», - дейді ақын. Жоба авторы өз сөзінде тау халықтары секілді қазақ балаларын да жас кезінен бастап күреске тәрбиелеу керектігін атап өтті. «Біздің жастарымыздың бәрі неге әнші болуға құмар? Бізге ұлан байтақ даласын қорғайтын, Отанына, отбасына қорған бола алатын азаматтар керек. «Бала барысын» өткізсек қалай болар екен деген де ой келді. Ол да жобалардың бірі. «Жас барыс» секілді турнирлерді телевизиялық жоба қылсақ, қаншама жастарды қазақ күресіне тарта алар едік», - дейді Балғынбек Имаш. Жоба авторынан баспасөз мәслихатында нақты фавориттер бар ма деген сұрақ та қойылды. «Жұлдыздардың қай-қайсымен сөйлессең де, «Өнер барысы мен боламын» деп отыр. Жігіттердің бәрі жанып тұр. Жеңіл салмақта анау осал, мынау мықты демей-ақ қоялық. Күш атасын танымайды. Кішкентай Серік Ибрагимовтың өзі «75 келіге дейін бәрін илеймін» деп отыр. Бірақ, ауыр салмаққа келер болса, фавориттердің қатарында Еркебұлан Дайыров бар», - дейді Балғынбек Имаш. Айта кетсек, «Өнер барысы» додасы 21 наурызда Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Еске сала кетсек, «Өнер Барысы» республикалық турнирі өтетінін кеше хабарлаған болатынбыз. Жиырмаға жуық палуан чемпиондық белдікті сарапқа салады. Олардың ішінде бірде-бір кәсіпқой спортшы жоқ. Бірақ оларды бүкіл Қазақстан халқы таниды - татамиге танымал артистер мен музыканттар шығады. Әншілер, айтыскерлер, актерлер, КТА-ға қатысушылар ұлттық спорт түрінен шеберлік байқасады. Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардақ Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары боз кілемде белдеседі.