Балғынбек Имашев аруақтарға зиярат ететіндерді әділетсіз адамдар деп атады

Белгілі айтыскер Балғынбек Имашев өзінің Instagram парақшасында қазақтардың аруақтарға зиярат ету, тұмар тағу, талға қызыл шүберек байлау, тіл-көзден сақтану үшін моншақ тағу секілді әдеттерін сынға алды, деп хабарлайды Qamshy.kz.

Ақынның ойынша, бұл әдеттер шайтанның адамдарды Жаратушысынан айыруы деп саналады.

«Адам əділетсіз. Ол жоқ болды емес пе, кейін Алла оны тамшы қылды, кейін оған дене мүшелерін берді. Əрбір мүшені бөліп айтпағанда, өзі соған ойланса, расында адамның құрылысы ғажайып екенін көреді. Ол жатырда болғанда, оны кіндік арқылы тамақтандырды, кейін туылып, кіндік шегі үзілгенде, ол үшін анасының кеудесін сүтке толтырды, оған емуді үйретті, кейін оны кеудеден айырғанда, оған тіс берді, күш берді, аспаннан жаңбыр жаудырып, жерден əртүрлі жеміс-жидектер, өсімдіктер өсірді. Сойса азық, əрі киім, мінсе көлік болатын мал-жануарлар жаратты.

Бірақ ол тəккаппар, өзі туылып, өзі осыған жеткендей Құдайын мойындамайды, Оған серік қосады, өліп қалған адамдардың ризалығын іздеп, Құдайы тұрғанда олардан керегін сұрайды. Əншейін қағаздан, былғары теріден тұратын тұмарға сенеді, көк түске боялған əйнекке көзден сақтайды деп сенеді, жай өсіп тұрған талға шүберек байлап, оған үміт етеді, махабаты берік болады деп көпірге құлып іліп, кілтін суға тастайды. Бұл жай іс емес, бұл шайтанның адамдарды Жаратушысынан айыруы. Күні бойы сағатын жұмысқа, ойын-күлкіге, тамақ ішу мен іш босатуға жұмсап, сондай керекті істерге уақыт тауып, Жаратқанына бес минутын бөлгісі келмейді, Ол жайлы əңгімені жақтырмайды. Алла сізге керек емес? Ата-анасымен осылай жасаса ол кім болар еді? Расында, адам əділетсіз. Бірақ Құдайына қайтатын күн алыс емес, əрі Ол əр нəрсені көруші, білуші», – деп жазады айтыскер.

Бұл пікір, әдеттегідей, желі қолданушыларының арасында қызу пікірталас туғызды.