Балконға ілінген ту дауына Бас прокуратура араласып шешімге наразылық білдірді

Жандостың балконында көк туымыз желбіреп жеті күн тұрыпты. Пәтері дәл министрлер мен депутаттардың үйіне қарама-қарсы орналасқан. Күнде осы жолмен жұмысқа қатынайтын шенеуніктерден еш ескерту болмаса да, жалау жігіттің көршілеріне ұнамай қалған көрінеді. Тұрғындардың бірі шағымданған соң әкімдіктегілер мен полицейлер Жандостың үйіне баса көктеп кіріп, балконындағы байрақты шешіп алған. Тіпті сол жерде 400 мыңға жуық айыппұл жазып беріпті.

Жандос Құрманбаев, Астана қаласы тұрғыны:

-Менің патриоттық сезімімді таптады. Өйткені, көк туымызды Геннадий Головкиннің жеңісінен кейін ұлттық мақтанышпен іліп қойып едім. Әкімдіктегілерге бұл ұнамады. Ескерту жасап немесе қандай заң бұзғанымды түсіндірмей-ақ айыппұл салды.

Жалпы, Жандос отандық спортшыларымыз жеңіске жеткен сайын терезесіне ту тігеді екен. Ол үшін дүкеннен 30 мың теңгеге арнайы байрақ сатып алып қойған. Жігіт енді өзіне салынған айыппұлдың заңсыз екенін сотта дәлелдемекші. «Патриот боламын» деп бұзақыға айналып шыға келген жігіттің құқығын бірнеше адвокат та тегін қорғамақ.

Михаил Кленчин, адвокат:

-Жандосқа көмектесуге дайынмын. Егер сот айыппұлды заңды деп тапса, жеке қалтамнан төлеуге әзірмін. Өйткені, ақылға сыймайтын айыппұл жазып берген полицейдің өзі жауапқа тартылу керек.  Бұл жерде Жандос емес, сақшылар заң бұзып отыр. Конституцияда туды балконға ілуге болмайды деген бап жоқ.

Астаналық полицейлер мен әкімдіктегілердің мұндай қомақты айыппұлды қай заңнан алғанын депутаттар да түсінбей дал. Әкімшілік кодексте мұндай норма мүлдем жоқ екен.


Айгүл Соловьева, Мәжіліс депутаты:

-Экспертизаға беру керек.  Талапқа сәйкес келе ме, соны тексеріп.  Негізі бұлай болмайды.

Ғани Қасымов, «Патриоттар» партиясының төрағасы:

-Меніңше сол 400 мың теңгені айыппұл емес, сыйақы ретінде сол жігітке төлеу керек. Ол не бүлдіріп қойды? Қандай да бір партия, биліктің мәжбүрлеуінсіз-ақ өз қарыжысына дүкеннен ту сатып алып, оны үтіктеп, балконына іліп қойғаны үшін кінәлі ме?

Заң бойынша, елімізде үйдің терезесіне немесе басқа да ғимаратқа туды ілуге рұқсат етіледі. Тек оны қорлауға қатаң тыйым салынған. Бұған дейін көк байрағымызға қоқыс салып тасығандар, ішкиім тіккендер мен жыртық ту іліп қойған мемлекеттік мекемелер жауапқа тартылған болатын.

-Ал, Жандос Құрманбаевқа айыппұл жазған полицейлер мен әкімдіктегілердің айтар уәжі болмады. Күні бойы қоңырау шалып, біреуінен жауап ала алмадық. Есесіне бұл іске еліміздің Бас прокуратурасы араласып, полицейдің шешімі жойылсын деп ресми наразылық білдірді. Сондықтан балконына ту тіккен Жандос емес, сауатсыз хаттама толтырған сақшының өзі жауапқа тартылуы мүмкін.

Loading...