Бұл – қазіргі білім және тәрбие беру үдерісінің алдында тұрған маңызды міндет. Сонымен қатар жас ұрпақты туған жеріне, қоршаған ортаға, өз тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Қосымша білім берудің дамуы – жалпы білім жүйесін жетілдіру стратегиясының ажырамас бір бөлігі. Балалар өзінің қабілеттерін дамытып, қазіргі қоғамға бейімделеді, қосымша білім беру орталықтарының арқасында бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алады.
Осы орайда жақында ғана бой көтерген «Дара бол» оқу-дамыту орталығының негізін қалаушы Балнұр Мәмбетқұлқызымен Caravan.kz порталының тілшісі сұхбаттасты.
- Сұхбатты бастамас бұрын өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз?
- Мен, Әбдірайым Балнұр Мәмбетқұлқызы, № 157 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімімін. Педагог-модератор, “Жалын” жас мамандар ұйымының жетекшісімін.
- «Дара бол» оқу-дамыту орталығы қашан ашылды?
- “Дара бол” оқу-дамыту орталығы осы айдың басы яғни 1-шілде күні ашылды. Қазіргі таңда балаларды дамыту орталығы немесе шығармашылық орталықтар өте көп ашылып жатыр. Дегенмен жұмыс жасап, дамып басқа орталықтардан ерекшеленетіндері саусақпен санарлық. Жалпы орталық ашу сырт көз ойлағандай оңай ашыла салмайды екен. Оның арнайы жоспары құрылады, айлап, жылдап жүріп ақылдасқан түрде ашылады. Және оны әрі қарай дамытып қаншама мамандармен бірігіп жұмыс істеуің бар. Жалпы қысқаша айтқанда үлкен еңбекпен ашылған оқу-дамыту орталығы.
- Бұл орталықты ашудағы басты мақсатыңыз?
- Ашудағы мақсатым, орталықтан білімді оқушыларды шығару сонымен қатар, менің көптен армандап жүрген арманымның бірі еді. Балалар бос уақытын тиімді өткізсе, әр бала бір тұлға болып қалыптасса деген ниетпен аштым. «Дара бол » оқу-дамыту орталығы балалар мен жасөспірімдердің теориялық-практикалық, шығармашылық дағдыларын дамытуға, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық және қолөнер бағыттары бойынша жасөспірімдер қабілетін жан-жақты шыңдау, қосымша білім мен тәрбие беру саласының үздік ұстанымдарын негізге ала отырып, жұмыс жасайды.
- Орталықта қандай бағдарламалар бар?
- Орталықта мектепалды даярлық, бастауыш сынып бағдарламасын қайталау, жылдам оқуға үйрету, көркем жазуға үйрету т.б бағдарламалар бар. Оларға тоқтала кететін болсам: математика, ағылшын тілі, орыс тілі, хореография, менталды арифметика, би, домбыра, шахмат және де “Сөз мергені” ортаорлық курсы бар.
- Қанша маман жұмыс жасайды?
- Қазірде 7 маман жұмыс істейді. Білімді, білікті, жас мамандарды алып жатырмын. Себебі, жастардың көзқарасы басқа, ізденімпаз, жаңашыл болып келеді. Олардың идеясы да ерекше болып келеді. Айтады ғой жаныңа өзіне табынатын адамдарды емес, идеяға толы, өмірлік көзқарастары қалыптасқан, өзіндік идеялары өмір сүруге деген дағдылары бар, жұртқа жақсылық ойлап тұратын, саған қолдау, күш-жігер беріп тұратын адамдарды жақындат деп. Аллаға шүкір мен осы ұстанымдамын. Орталықтағы мамандарымды жақсы таңдадым деп ойлаймын. Барлығының да балаға деген махаббаты ерекше, өз жұмыстарын сүйіп жасайды. Мен оған тек қуаныштымын.
- “Дара бол” оқу-орталығының басқа орталықтарға қарағанда қандай ерекшелігі бар?
- “Дара бол” аты айтып тұрғандай, біздің орталықтан тек дара оқушылар шығатынына сенімдімін. Себебі, мен орталыққа бар ерік-жігерімді салып, махаббатпен жұмыс жасаймын. Егер өз ісіңді сүйіп жасасаң, одан рахат аласың және елдің алғысына бөленесің, Себебі сен барлық күш-жігеріңді сапалы жұмыс жасауға, мықты нәтиже көрсетуге жұмсайсың. Мен ашқан орталық бұйыртса басқа орталықтардан сәл болса да ерекшеленетіндігіне мен сенемін.
- Балалар көбінесе қандай үйірмелерді таңдайды деп ойлайсыз?
- Балалар көбіне демалыс болғандықтан сурет және қолөнерді таңдайды. “Сөз мергені” курсы, ағылшын және орыс тілін таңдайды.
- Қанша жастан бастап баланы қабылдайсыздар?
- Баланы мектепке даярлық топтарына 4-5 жастан бастап қабылдаймыз. Алғашқы келген кезде, баланың неге бейім екендігін анықтап аламыз. Мысалы ата-анасы мына курсқа бергім келеді деп тұрса, ал бала басқа үйірмеге қызығып тұрса оны да байқап көруге ата-анасына үсыныс жасаймыз. Әрбір ата-ана баласының ақылды, зерек, білімді , дара болып өскендігін қалайды емес пе?
- Алдағы уақытта 1-3 жас аралығындағы балаларға арналған Монтессори технологиясы бойынша оқытатын дамыту орталығын ашу. Монтессори педагогикасы немесе Монтессори жүйесі ХХ – ғасырдың бірінші жартысында итальяндық педагог, ғалым әрі ойшыл Мария Монтессори тарапынан ұсынылған тәрбиелеу жүйесі. Монтессори әдістемесі әрбір тәрбиеленушіге деген даралы тәсілдемеге негізделген. Бұған сәйкес , дидактикалық материалдармен сабақ ұзақтығын өздері таңдай отырып, балаларға өздігінен жұмыс жасауға жағдай жасаған.