Балуандар арасында ел мықтылары анықталуда

Олимпиадаға қатысатын балуандардың басым көпшілігі белгілі болып қойғанына қарамастан, Орал жерінде жалауы көтерілген ел чемпионатының бірінші күні аса тартысты белдесулерге толы болды. Грек-рим күресі шеберлері барын салып жиналған қауымға нағыз спорттық мереке сыйлады, деп хабарлайды «Аламан» спорт агенттігі.

55 келі салмақ дәрежесінде финалға шыққан Артур Үмбетқалиев жерлестерінің қолдауына арқа сүйеп, үш кезеңге созылған ауыр кездесуде шығыс қазақстандық Мәди Жарболовтан айласын асыра білді. 66 келідегі ақтық белдесуде үш кезеңге ұласып, шығыс өңірінің өкілі Ербол Қоңыратовтың пайдасына шешілді. Қарсыласы Елдар Қайратов қанша қайрат танытқанымен күміс жүлдені місе тұтуға мәжбүр болды. 84 келіде алматылық Саят Сарманбеков шығыс жерінің тағы бір ұланы Нұрсұлтан Тұрсыновты екі кезеңде тізе бүктіріп, үздік атанды. Аса ауыр салмақта сынға түскен алаштың арда ұлы Нұрмахан Тыналиев санаулы секундтарда Есенгелді Жалғасбаевтың жауырынын жерге тигізді. Осылайша ел чемпиондығын бағындырып, өзінің нар балуан екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Чемпиондар мен жүлдегерлер тізімі:

55 келі.

1. Артур Үмбетқалиев (БҚО) 2. Мәди Жарболов (ШҚО) 3. Алмат Әуешов (Қызылорда) 3. Саят Шаңғытбаев (Ақтөбе)

66 келі.

1. Ербол Қоңыратов (ШҚО) 2. Елдар Қайратов (Астана) 3. Нұрдәулет Елмұратов (Ақтөбе)

84 келі.

1. Саят Сарманбеков (Алматы) 2. Нұрсұлтан Тұрсынов (ШҚО) 3. Роман Мелешин

120 келі.

1. Нұрмахан Тыналиев (Алматы) 2. Есенгелді Жалғасбаев (Қызылорда) 3. Бағлан Буданов (ОҚО)

Бүгін бозкілем төріне 60, 74 және 96 келілердегі балуандар шығады.