”Бандиттер үйімді, көлігімді және 33 миллион теңгемді тартып алды”: Шымкенттік кәсіпкер көмек сұрады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында оқиғаның 2023 жылы Шу ауданында алынған мемлекеттік тендер аясында басталғанын айтты.

”Мен жол-құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкермін. Шымкент қаласының тұрғынымын. Жұмысымның ары қарай жүруіне Тәжіхан деген бір кісі маған қарызға 3 миллион береді. Сол ақшаны қайтар деп Ерзақ есімді азамат екеуі бірге келеді. Жамбыл облысы, Шу ауданында мемлекетті жолды жөндеп жатқан қытайлық компанияға қосалқы мердігер болып 380 миллион теңгелік тендер аламыз. Сол жолдың бір бөлігін істеп, 33 миллион теңге алатын уақытта мені бопсалау басталады. Ерзақ өзінің досы Төреғалиға “мына азамат таяуда 33 миллион теңге алады, соны алайық” деп схема құрады. Ортаға жол саласында жұмыс істейтін Нышан деген жігітті қосып, “айлыққа 27 миллион және 6 миллион ақша қарыз” деп екі арыз түсіріп, өздері ұйымдастырып, сот орындаушыға береді. Содан ешбір сұрақ-жауапсыз менің шотыма түскен ақшаны сот орындаушының шотына аударып алады”, - дейді ол.

Кәсіпкер өзін бопсалаған азаматтардан қандай қорлық көргенін де жасырмай айтты.

”Олар 3 миллионды сұрап келгенде қайтару ойымда болды. Бірақ сол кезден бастап ұрып-соғу, ұрлып алып кету басталды. 5 күнге телефоннан сим картаны алып тастап қамап қойған кездері де болған. Айдың күннің аманында мені көліктің жүк салатын жеріне салып алып кетеді. №17 шағын ауданында Төреғалидің әпкесінің баласы жалғыз өзі тұрады. Ақша түсетіннің алдында сол үйге 5 күнге дейін қамап қойып ұстаған кездері болған. Ақша түскеннен кейін амалсыз, шарасыз, жанымның тыныштығы үшін беріп, құтылатын әрекетін жасадым”, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол жалған құжатқа қол қоюға мүжбүр болғанын да мәлімдеді.

”Менің “Астана шабыты” деген ЖШС болды. Ол келіншегімнің атында. Бірақ, ерлі-зайыпты болғаннан кейін менде қол қою құқығы бар. Мөрді алып, “Бақыт Нышанға осынша қарыз” деген жалған құжатқа мені ұрып-соғып, бопсалап, қол қойдырады. Сол құжатты сот орындаушыға берген кезде ақша солардың шотына түсетіндей қылып жасап қойған. 33 миллионнан айырылдым. Шарасыз күйде жүрдім, қалтама gps салып қойды. Үйіме де жібермеді. Монша салды, соған от жақтырып, құлдық әрекетін жасады. Төреғалиге тиесілі базаға күзетші қылып қойды. Әйеліммен сөйлестіреді, “мен оған жұмыс істеп жатырмын” деймін. Бұл оқиға 2023-тің қазан айында болды. 2024-тің мамыр айында әйеліме 500 мың айлық беріп бухгалтер етіп алды. Әйелімнің сол кезде көзі жетті. Бізді ешкіммен араластырмады, сөйлестірмеді. Әке-шешемнің үйіне 2 жыл бармадым. Бір рет қашып кеттік, әйелімнің телефонына “сенің қайда екеніңді білемін, арыз жазсаң да заң ақшасы барға сөйлейді, сені құртамын” деп жазады Төреғали. Осы екі ортада өзіне тиесілі 6 адамның қарызын менің мойныма ілді. 400 миллион теңгеден астам аса ақшаны танымайтын адамдарға қарыз есебінде тұрмын. Нотариус арқылы ұрып-соғып жаздырды”, - дейді ол.

Түрлі азаптан өттім деген кәсіпкер құқық қорғау органдарынан да көмек сұраған. Бірақ, оның сөзінше, ешқандай нәтиже болмаған.

”Шымкент қалалық Ровд-ға жаздым. Олар тексерді. Төреғали екеуміздің телефонмен сөйлескен диалогтарымызды да жібердім. Ол жерде Төреғали “№64 мектепте балалары оқиды, мынау қоймады, Ерзақ, бала-шағасын да, өзін де өлтір. Мен сені түрмеден алып-шығамын” дейді. 2025 жылы 24 қыркүйекте Ерзақ пен Төреғалиді ақша бопсалау бойынша 2 күнге қамады. Бірақ 2 күннен кейін үй қамақ бойынша шықты. Бірақ ертесіне той жасады, жұмысында, қалада емін-еркін жүрді. Тергеу сотына жаздық, қалалық прокурордың орынбасарының алдына 5 рет кірдік. Нәтиже жоқ. Іс сотқа өтті. Үйімді, көлігімді тартып алды. Бас-аяғы маған 73 миллионға шығын келтірді. Бірақ сот осыларды “қылмыс құрамы жоқ” деп ақтап жібергенде зайырлы мемлекетте тұрып жатқаныңды ұмытып кетесің. Екеуі ақталып кетті. Халықтан көмек сұрап келдім. Мен қазір Шымкентке де бара алмаймын. Балаларын өлтір дегеннен кейін қорқамын. Бала-шағам Шымкентте, мектепке қорқып барып келеді. Әділдік іздеп Ақорда алдында өзімді өртеймін. Басқа амал қалмады”, - дейді ол.