Бангкок-Алматы рейсімен зілзала аймағынан қазақстандық алғашқы туристер тобы елге оралды

KZ-today тілшісінің хабарлауынша, келгендердің көбінде сыртқы жылы киімдері болмаған. Оларға жылы киім-кешекті әуежайда күтіп алған туыстары әкеліпті. Алапат цунами кезінде Пхукет аралында демалып жатқан туристердің бірі - Тимур Нұрпейісовтың айтуынша, аралға цунами үш мәрте соққы жасаған. "Біздің бунгало тікелей жағажайда еді,- дейді Т.Нұрпейісов. - сол себепті ең асау толқын біздің үлесімізге тиді-ау деймін. Бұл сәтте біз бунгалода отырғанбыз. Толқынның ең қуатты соққысы баспананың қабырғасына келуі ғана бізді құтқарып қалды",- дейді Т.Нұрпейісов. "Біз үлкен толқыннан тек ағаштарға жармасып алу арқылы ғана аман құтылдық. Толқындардың биіктігі шамамен үш метрге жетті",- деді ол. Т.Нұрпейісов осы орайда Таиланд полициясына ризашылық білдірді. Оның отбасын осы мекеме қызметкерлері тауып алып, учаскеге әкеліп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен. Қажетті дәрі-дәрмектер және қонақ үйдегі бөлмеге төлейтін ақшамен де солар қамтамасыз етіпті. Сондай-ақ, туристерге отанына оралушы деген құжат берген.

"Алматыда бізді мемлекеттік құрылымдардың өкілдері тосып алып, қажетті құжаттарды жөндеп берді",- деді ол.
Ал қайғылы оқиға кезінде Паттайя курортында болған тағы бір қазақстандық турист Наталья Рябованың айтуынша, Таиланд Корольдігінің басқа аймақтарына зілзала толқыны жетпеген. "Телеарналар арқылы көрсетілген репортажды кездейсоқ көрмейінше біз цунами туралы ештеңе білген жоқпыз. Біз тіптен қауіп-қатерді мүлдем сезінбедік. Ана жақтағымен салыстырғанда абыржушылық осында күштірек болғанға ұқсайды",- деді Н.Рябова.