Агенттік төрағасының айтуынша, банк жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізуге және соңынан оны консервациялау туралы шешім қабылдауға бір ірі клиенттің өз есепшотынан ақша аударып алу туралы тапсырмасын банк орындамады деген шағым әсер еткен.
"2004-жылдың 30-шілдесінде Агентікке бір клиенттен арыз түсіп, ол төлем жасау және ақша аударымдары туралы заңды бұзған банк оның тапсырмасын орындамай отыр деп хабарлады. Осы арыздың ізімен біз наурыз банкін тексеруді қолға алдық",- дейді ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің төрағасы.
Тексеру банк тарапынан өз міндеттемелерін орындамау дерегін әшкерелеп берді. Сондай-ақ, Наурыз банктің есеп құжаттарында аталмыш клиенттің алдындағы берешек көрсетілмеген. Ал бұл пруденциалдық нормаларды тікелей бұзуға жатады.
"Мұндай ахуал банктің ликвидтілікке қатысты көрсеткіштерінің нашарлауына байланысты қалыптасқанын түсінген ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі банкке нұсқау жолдады. Онда жарғылық капиталды ұлғайтуға шаралар қолдану, сондай-ақ, депозиттер ашуға шектеу қою туралы ұсыныстар жасалды. Сонымен бірге Наурыз банкіне қаржылық қаупі жоғары операцияларды шектеу немесе ооарды біржола тоқтату ұсынылды",- деді Б.Жәмішев.
Алайда Агенттікке жауап ұсыныстар келіп түскен жоқ. Бұнымен шектелмей, 6-қыркүйекте ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігіне банктің міндеттемесін орындамай отырғаны туралы шағымдар қайтадан келіп түсті. Осы уақытқа дейін мерзімі өтіп кеткен төлемдер мөлшері 1 млрд. теңгеден асып жығылды.
13-қыркүйекте ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі мен Наурыз банк басшылығы шаралардың жоспар-хаттамасына қол қойды. Онда банк тарапынан салымшылар алдындағы міндеттемелерді орындау тәртібін бұзуға жол бермеу үшін және банкке ликвидтілік тауқыметін шешуге қол ұшын беретін инвесторлар іздеу үшін қолдан келген бүкіл мүмкіндіктерді пайдалану қарастырылды. Банк 30-шілдедегі арыз иесімен келісім-шартқа отырып, онда қазан айының аяғына дейін банк өзінің берешегін өтей алмаған жағдайда тиісті қаржыны клиенттің есепшотына акцептісіз аудару шарты күшіне енетіні айтылды. Бірақ банк қазан айының аяғына дейін талап етілген қаржыны қайтару жөніндегі міндеттемені орындай алмады. Қаржыны акцептісіз тәсілмен есепшотқа аудару талабын қоюға салымшының толық құқығы болды (бұл құқығын ол пайдаланатын да еді). "Нәтижесінде талапты орындамауға болмайтын, бірақ оны орындау үшін Наурыз банкке өз есепшоттарын жауып, тек қарызды қайтару қамымен жұмыс істеуге тура келетіндей жағдай қалыптасты. Ахуал осындай сипатқа көшкен күнде ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі консервациялау тәртібін енгізудің орнына, банкті жою процедураларын бастауы тиіс болатын",- деді Б.Жәмішев.
Агенттік төрағасы клиенттің аты-жөні мен Наурыз банкі төлеуге тиіс қаржының көлемін атаудан бас тартты. Алайда, банк төңірегінде туындаған таяудағы шу мен қазіргі ахуалдың арасында ешбір байланыс жоқ деп атап көрсетті. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың маусым айында бірқатар БАҚ-тарда "Қазақстан Наурыз банкі" АҚ-ның төңірегінде туындаған шиеленісті ахуал туралы ақпарат жарияланған. Атап айтсақ, "Наурыз банкінің" басшысы Елбасының атына хат жазған-мыс делінді. Хатқа сәйкес, президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов үкіметті басқарып тұрған тұста "Қазақстан темір жолы" ААҚ-ның президенті Ерлан Атамқұловпен бірлесе "Қазақстан Наурыз банкі" АҚ-ның жарғылық қорына үлес қосуға келісіп, бастапқы жарна қосқан. Алайда, кейінірек бұл келісімнен бас тартып, 10 млн. доллар көлеміндегі жарнаны қайтаруды талап еткен.