Банкирді өлтіргенін мойындаған Тоқмәдиге қатысты үкім жойылып, соты қайта өтеді

Ведомство өкілдері Тараз қалалық сотының 2007 жылдың 3 қыркүйегіндегі үкімімен Мұратхан Тоқмәдидің 2004 жылы Тәтішевті аңшылықта абайсызда атып алғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылғанын (рақымшылықпен жазадан босатылғанын) еске салды. 

"Өз кезегінде жиналған материалдардан (куәгерлердің жауабы, күдікті М.Тоқмәдидің жауабы және сараптамалар қорытындысы және т.б.) Е.Тәтішевтің өлімі қаруды қауіпсіздікті ескермей пайдаланудан емес, қасақана басқа атқан оқтан келгені анықталды. Осыған байланысты 25 қазанда процесстік прокурор ҚР ҚПК-нің 502 және 503-баптарының тәртібінде Жамбыл облыстық сотына М.Тоқмәдиге қатысты үкімін жоюға негіз бар екендігі жайлы қорытынды мен жаңа деректері ашылған қылмыстық істің өндірісін қайта жандандыру бойынша өтініш жолдайды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, сотталған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди сенсациялық мәлімдеме жасаған болатын. КТК телеарнасы дайындаған "Звали его Мурка" атты фильмнің екінші бөлімінде ол банкир Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындады.

"Шыны королі" "Банк Тұран Әлем" банкінің (қазіргі БТА Банк) басшысын өлтіруге тапсырысты Мұхтар Әблязов бергенін мәлімдеді. Сөйтсек, 13 жыл бұрын болған оқиға іс материалында айтылғандай қайғылы оқиға емес екен. Тоқмәдидің сөзінше, 2004 жылы ол досы Тәтішевпен бірге Жамбыл облысына аңшылыққа шыққан. Жолда ол банкирді желкесінен атып, тергеушілер мен Орталық сот сараптамасы қызметкерлеріне ақша беріп құтылған.


"Қылмыстық іс ҚР ІІМ жедел-тергеу тобына тергеуге жіберілді, оны Ержан Артықбаев басқарған. Мен одан маған жылы көзбен қарап, маған қатысты қамау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдамауға және тергеуде көмек беруін сұрадым. Осы мақсатта Артықбаевқа, қателеспесем, 20 мың доллар ақшаны конверге салып, беріп жібердім. Ол оны портфеліне салды да, "Там будет видно" деді", - деп әңгімеледі Тоқмәди.