Банктер ипотекадан бас тартып жатыр

Қап-қап қаржысы қамбасында жатса да елдегі банктер тыңнан түрен салды осылай. Ипотека бермейміз, елдің толық төлейтініне сенбейміз дейді. Бір ғана мысал, қаржылық дағдарыстың алдында ипотекалық несиені үйіп-төгіп беретін банктердің ауыздары қатты күйген еді, бүгінде үріп ішіп отыр. Беретін жалпы несиенің ішінде ипотеканың үлесі 6%-ға жетер-жетпес-ақ екен. Өткен жылмен салыстырғанда еліміздегі банктер 10 %-ға дейін ипотека көлемін төмендеткен. Ал Қазкоммерцбанк мүлдем тоқтатыпты. Өйткені әріптестеріндей пайызды өсірсе ешкім алмайды, ал бұрынғы бағам банкті құрдымға жіберуі ықтимал дейді мамандар.

Жұмабек Мамытов, “Қазкоммерцбанк” АҚ департамент директоры:

- Ұзақ мерзімді қаржылық қолдаудан айрылғандықтан, ипотекалық несиеден бас тартуға мәжбүрміз. Оның орнын өзге несие түрлерімен шығынсыз жауып жатырмыз. Әрине, теңге түріндегі қаржылық қолдау жанданса, біз де ипотека беруді жалғастырамыз.

Даудың басы да дәл осында тұр. Бұған дейін миллиардтаған қаржыны міз бақпай мұқым елдің баспана алуына беріп келген банктер қазір шетелдік инвесторлардың қаржылық қолдауынан қағылған. Мұны бірі шекараның арғы бетіндегі жағдайдың тұрақсыздығы десе, бірі біздің банктерге деген сенімге селкеу түскені деп түсіндіреді. Қалай десек те инвесторлар біздің банктерге бақыр тиында татырмауда бүгінде. Сондықтан еліміздегі банктер қолда бар қаржысын тез арада қайтарылатын жылдам несиелерге салуды қолға алған.


Болат Досмұхаметов, Қазақстан Ипотекалық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:

- Біріншіден, банктердің ұзақ мерзімді ақшалары жоқ. Банктер бұрынғыдай шетелден ұзақ мерзімге ақша алатын мүмкіншіліктері жоқ. Кредит алу негізі дұрыс емес, түбі дұрыс емес. Бәрібір ол пайызы бар несі бар өте ауыр емес.Жақсы жақтары да бар бұл процестің. Ипотека аз берілетін болса, үйлердің бағалары бұрындағыдай өспейді деп ойлаймын.

Дегенмен үйлердің бағасы түседі деген тәтті ой көп ұзамай кермек татыды, өйткені жылына елімізде 6-7 млн шаршы метр баспана салынады. Ал елдің сұранысы бұдан 2,5 жарым есе артық екен.

Қайсымыз қалай ойласақта жау жағадан алғанда бөрі етекке жармастының кері келіп тұр. Өйткені қараша үшін қара басына қара шаңырақ алудың жалғыз жолы ипотекалық несие беруді банктер тоқтатып жатса қалғандары пайыздық үстемені өсіруге көшкен. Биылғы есепке көз жүгіртсек, еліміздегі банктердің 14-і ғана ипотека беріп жатқанын тайға таңба басқандай құжаттап көрсеткен, қалғандары қауқарсыз қазір.