БАҚ және руханият әлемі: қазіргі ахуалы мен ертеңгі межелері

- Адам мүшелерінің атқарар қызметіне қарай, жүрек - бірінші, ми - екінші екен. Ми жүрекке әмір бере алмайды. Жүрек миға әсер етеді. Бұл медицинада дәлелденген мәселе. Олай болса, жүрекке не ұялатпақ керек?! Руханият мәселесі тұрғысынан келетін болсақ, адамның жүрегіне иман орын алып, көкірегінде сақталуы тиіс. Сонау атамзаманнан бері қарияларымыз жас өскіндерге алғысын «Иманды, ырысты бол», деп білдірулері кездейсоқ емес. Яғни, иманды ырыс байлықтан жоғары қойды, соны бала санасына сіңірді. Сөйтіп, бабаларымыз өз мәдени-рухани ортасын қалыптастырды, айналасын эстетикалық-ізгілікті негізде игеруге ұмтылды, өмірлерін қытымыр замана сынына бейімдей білді. Осындай рухани-мәдени мүмкіндіктерімен қазақтар ХХ ғасырға батыл кірді. Мұның өзі шығыстанушы Потанинді «бүкіл шексіз де шетсіз қазақ даласы маған ән салып тұрғандай», деп тамсандырды. Кетбұғының «Ақсақ құлан» күйі, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сегіз Сері, Мұхит, Біржан-сал, Ақан-сері, Жаяу Мұса, Мәди, Кенен тәрізді дәстүрлі музыка өнерінің алып шеберлерінің шығармалары орыс ғалымының осы бір сөзінің мәнісін ашып қана қойған жоқ, бұлар сонымен қатар біздің рухани діңгегіміздің мықтылығын және ұлттық мәдениетіміздің бірден-бір құрамдас бөлігі екендігін көрсетіп берді.

Жалпы, рухани азықтың тамыры сонау түркі дәуірінен бастап, қазақ хандығы мен қара сөздің майын ішкен ақын-жыраулар, би-шешен мен батырлар, ұлттық мәдениет пен әдебиеттен таралса, қазіргі жаһандану заманында жастарымыз халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесін, рухани құндылықтарын теледидарлардан, газет-журналдардан, Интернеттен және басқа да ақпарат көздерінен алуда. Осылайша, ұлттық патриотизмді өрістете келіп, халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерін сақтап, танып білуге жол ашылуда.

Бұл орайда, қазақи жақсы әдет-ғұрыптарды заман талабына сай қайта жаңғырта отырып, оны жетілдіру жолында, қазақстандық жалпы азаматтық сәйкестендіруді қалыптастыруда және елдің көп мәдениетті әлеуетін дамыту бағытында алысқа ат айдалмаса да біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, өзім қызмет жасайтын «Қазақ ақпарат агенттігі» жастардың ұлттық дәстүр-салтты, халықтың өткені мен бүгінін терең білуіне ұмтылыстарын ояту әрі ынталандыру мақсатында соңғы екі жыл бойы «Ұлттың ұлы тұлғалары» атты ақпараттық жобаны ұсынуда. Ал, таяуда «Қазақстан» телеарнасы жанынан ел тарихында тұңғыш рет таза қазақ тілінде «Балапан» атты телехабар дүниеге келіп, өскелең ұрпаққа ерте бастан тәрбие беру, тіл үйрету, өнеге көрсету тәрізді шараларды қолға ала бастады. Ізгіліктің нәрлі дәнін ұлттың бойына себуде өзге де республикалық бұқаралық ақпарат құралдары «Мәдени мұра» және тағы басқа рухани-танымдық бағдарламалар аясында нақты жұмыстар атқаруда.

Осы игі істердің халыққа жеткізілу деңгейі де көңілге демеу боларлық. Айталық, ҚазАқпарат жедел түрде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде бүкіл республика аумағына және елуге жуық шетелдерге күн сайын рухани-мәдени хабарлар легін үзбей жіберіп отырады. Мұның сыртында, бұл хабарлар латын ғарпімен және арабша төте жазу тәсілімен 30-дай жақын әрі алыс шетелдерде тұрып жатқан қазақ диаспорасына да ұсынылып отыр. Телерадио аудитория көлемі де ұлғая түсуде. Мәселен, «Хабар» телеарнасының аудиториясы 98,67 пайызды құраса, «Қазақстан» - 98,63 «Ел Арна» - 89,07, «ОРТ - Евразия» - 87,77 пайызды қамтиды. Қазақ радиосының тыңдармандары 88,74 пайыз болса, «Шалқар» радиосы - 61,31 пайызды құрайды. Мемлекеттік емес КТК, НТК, «7 - Арна», «Астана - ТВ» тәрізді телеарналардың көрермендері 8-9 миллион шамасында. Ал, Internet Worzld Stats дерегіне сәйкес Қазақстанда Интернет пайдаланушылар саны 2,3 миллион адамға жеткен.

Әрине, бүгінде сырттан қаптай еніп жатқан әрқилы жат бағыттар мен кейбір радио-телехабарлардағы нәсіпқұмарлық, дүниеқоңыздық, қатыгездік пиғылдарды насихаттау әрекеттері де жоқ емес. Сондықтан, келер ұрпақтың санасына кері әсер ететін осындай ақпараттарды заңдылық тұрғыдан реттеу керек. БАҚ-тардан рухани азық болып саналатын, тәрбиелі ұрпақ өсіруге ықпал ететін бағдарламалардың, ақпараттардың көптеп берілуін қамтамсыз ету күн тәртібінің басты мәселесі болуы қажет. Әңгіме жоқ, бұлардың болуы шарт. Сонымен бірге, сөз басында айтқанымдай жүрек тазалығына көп нәрсе байланысты. Осы орайда, реті келген жерде БАҚ өкілдерінің назарын өзімнің мына бір пайымдарыма аударып та жүрмін.

Сонау 1989 жылы Мәскеуде Ш.Айтматовтың «Жан пида» кітабының тұсаукесері барысында сан-түрлі пікірлер айтылып, кеш соңына таман бір оқырманның «Роман аяқталмай қалған сияқты», деген сауалына Шыңғыс Төреқұлұлы: «Барлық сұрақтарға жауап беру мүмкін емес. Мен бұл кітапта ақ пен қараның күресін көрсетуге тырыстым. Егер Сіз соны байқасаңыз және ақ жағын таңдасаңыз, мен мақсатым орындалды деп білемін», деген жауабын алға тартты. Енді, мына бір әпсанаға ден қойсақ. Әлем неден бастау алады - деген сұраққа, ғұлама, - сенің екі көзіңнен деп жауап қатады. Иә, көздің негізгі міндеті - көру. Бірақ оның нені және қалай көретіні үлкен пәлсәпалық өз алдына бір тылсым дүние. Біреу үшін мәселен от өмірдің шырағы болып танылса, басқаға ол ақырзаманның белгісі ретінде қабылдануы мүмкін. Бір нәрсе айқын: дүниеге, өмірге, адамдарға бір Алланың көзімен қарау керек. Бірақ жаратушыны ешкім көрген жоқ, оны толық түйсінген емес. Сондықтан барлық нәрсеге тәңіріміздің адамға берген ұят көзімен қарау керек. Ендеше, жүрегімізде тек ұят ұялап, ол қай уақытта да ақ жағында болсын! Сонда ғана біз рухымыз берік, санамыз сергек ұлт ретінде өркениет әлемінде өресі биік, өрісі кең ұлы мемлекетке айналамыз. Олай болса, рухани құндылықтарды материалдық игілікпен егіз қатар алып жүру біздің басты міндетіміз екендігін түйсінгеніміз жөн.