Журналистің айтуынша, 20 жыл ішінде отандық спортта тарихи жетістікке қол жеткізген спортшының құрметіне ешқандай турнир өткізілмеген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Бәкең атындағы бокс турнирі өтеді...
Байқаған шығарсыз, Бақтияр Артаевты көбі сызып тастады. Басына күн туып еді, теріс айналып кетті. Бірақ, оның отандық спорттағы жетістігін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол – тарих. Тарихи жетістік. Бүкіл қазақ боксының, оның артында бүкіл қазақ елінің абыройын сақтап қалған жеңіс. Афина олимпиадасында жерлестеріміз арасынан жалғыз өзі топ жарды.
Санамалап отырсақ, содан бері тура 20 жыл өтіпті. Осы аралықта оның атында бірде-бір жарыс болмаған. Тіпті балалар арасында да. Бұл - спортқа жауаптылар үшін үлкен сын. Өйткені, саусақпен санарлық қана олимпиада чемпиондарымыз бар. Олардың өзін көзі тірісінде қадірлеп, бар кезінде бағалай бермейміз. Тек өлгеннен кейін ғана жылап-сықтап, ойбайлап отырамыз.
Қысқасы, осыны негізге алған елордалық спорт жанашырлары олимпиада чемпионы атындағы халықаралық турнир ұйымдастырмақ. Байрақты бәсеке алдағы наурыз айында болады. Оған көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Ресей боксшылары келеді. Жасөспірімдер арасындағы жарыс 2 жас деңгейі бойынша өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақы табысталады.
Осындай қуанышты жаңалықпен бөліскелі отырмын. Әсіресе, жасөспірімдер үшін үлкен мотивация. Олар қазірден кәдімгідей әзірлікке кірісті. Жаттығу жұмыстары қыз-қыз қайнап жатыр. Керемет бастама. Халықаралық турнир ресми жарыстар күнтізбесіне енді. Алдағы уақытта оны тұрақты өткізіліп, ауқымы мен форматын кеңейту де көзделеді...", - деп жазды Аслан Каженов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, Бақтияр Артаев 2004 жылы Грекияда өткен Олимпиада ойындарында ширек финалда Олимпиалық ойындардың екі дүркін чемпионы ресейлік Олег Саитовтан үстем шығып, финалда Кубаның екі дүркін әлем чемпионы Лоренцо Арагонды жеңіп, алтыннан алқа таққан болатын.