Бақыт Сыздықова берешек 7 млн. теңгесін мүлде сызып тастауды сұрап отыр

Атышулы Бақыт Сыздықова тағы да тілшілер назарында. Ол мұны ұнатады. Әрі өзін қалай ұстау керектігін де беске біледі. 15 жыл мүше болған партиясынан үлкен масқарамен қуылғасын бүгін ақталып баспасөз мәслихатын өткізді. Елбасының суретін компьютеріне жапсырып, «Нұр-Отанның» төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрай келіпті. Ол партияның дамуына, жастар саясатының өркендеуіне мол үлес қостым деп отыр.

Бақыт Сыздықова, Ұлттық паралимпиада комитетінің вице-президенті:

- Уважаемый Нурсултан Абишевич, прошу Вас, справедливо разобраться в данной ситуации.

Көңіл көтергенді экс-депутаттың жаны сүйеді. Мәскеудегі КВН ойындарынан шықпайтыны да осы еді. Сөйтсек, сауық сайранды ұнататын ол «Нұр-Отаннан» алған 7 млн. теңгені қазақстандық команданың Ресейдегі  КВН ойынына қатысу үшін салып жіберген. Сөйтіп Қазақстанның атын шығардым дейді. Орысша Квн-ге берілгенім соншалық, команданың жол шығынына ақша жетпеген кезде үйімді де сатып жібергем деп ақталды.

Бірақ өзі қолын қойып алған 7 млн. теңге қарыз қордаланып қалған.  Оған үстемақы қосылып 15 млн.-ға жетіп отыр. Ал қыруар қаржыны Сыздықова сызып тастау керек деп бүгін айды аспанға бір-ақ шығарды. Тіпті қайтаратындай емеурін де танытқан жоқ. Есесіне, бұл шуды тапсырыс дейді.


Бақыт Сыздықова, Ұлттық паралимпиада комитетінің вице-президенті:

-  Это политический заказ...ну этим пахнет.

Ал партияның жарнасын төлемегенін ол уақытта Мәжілістен кетіп жұмыссыз қалғанымен түсіндірді. «Нұр-Отан» берген билетінің бүлінуін үйінде жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылысшыларға жаба салды. Құжатқа бояу төгіліп кеткен көрінеді.

Саясаттан кетіп, партиясынан қуылған Бақыт Сыздықова ел алдындағы ерен еңбегім ескерлмеді деп өкінеді. Алайда, берешекті қашан қайтарасыз деген тілшілердің сауалына сол күйі тұщымды жауап бере алмай кетті.

Сонымен төменгі палатада отырған кезінде, тер төгіп заң жазумен айналыспай-ақ, әнші бишілігімен көзге түскен 39 жастағы Бақыт Сыздықова «Нұр-Отансыз» өмірімді елестете алмаймын дейді. Сондықтан билік партиясына қайта алуын сұрап, Елбасының атына көлдей хат жолдады. Бірақ, бұл іске президенттің араласа қоюы екіталай секілді.