Бақыт Сыздықова «Нұр Отан» партиясынан қуылды

Бүгін «Нұр- Отан» партиясы күтпеген жерден шұғыл жиналыс өткізіп, табаны тиген жерді шоуға айналдырып жүретін Бақыт Сыздықованың тәртібін май шаммен қарады. Әріптестерінің айтуынша, экс-депутат партияның бюджетінен өзі жетекшілік ететін жастар ұйымына деп 7 миллион теңге алған. Бірақ соманы сол күй қайтармапты. Ал төрт жылдан бері қарызға үстемақы қосылып 15 миллионға жеткен. Сыздықованың басқа да былықтары жетерлік екен.

Боран Рақымбеков, «Нұр Отан» ХДП бақылау комитетінің төрағасы:

- Партиялық жарнаны жарты жылдан астам төлемеген, бастауыш партияның ұйымының отырысына бір жыл қатыспау және партияның құжаттарын бүлдіру сияқты бірнеше фактмен айыпталды.

Бақыт ханым өзінің тәртібі қаралар жиынға келіп тұрып қатысудан бас тартқан.Әйтсе де бұл шешім қабылдауға кедергі болған жоқ.     

Сыздықованың «Нұр-Отаннан» шеттетілуін кезінде Мәжіліс төрінде 4 жыл бірге отырған әріптестері де құптап отыр.

14 жыл мүше болған партиясынан бір күнде масқарамен қуылған экс-депутат болған жәйтке қатысты әлеуметтік желілердегі жеке парақшасы арқылы пікір білдіруде. Міне, Сыздықова ханым өзіне қатысты айтылған айыптарды естіп, талып қала жаздағанын жазады. Тіпті, партия билетінің  бүлінбегенін суретке түсіріп іліп қойыпты. Айта кетсек, Сыздықова Мәжілістен кеткен соң спортқа ауысқан еді. Мамыр айында Ұлттық паралимпиадалық комитеттің вице-президенті болып тағайындалған-ды.

Үнемі таранып, сыланып көзге түскенді жақсы көретін Бақыт Сыздықова Гарлем шейк билеп, күлкіге қалған еді. Қазақ тіліне шорқақ экс-депутат төменгі палатада жібі түзі бастама көтермесе де, әлеуметтік желілерде шоқынуды да жақсы меңгергенін жазып, елдің есін алатын. Айтпақшы, Бақыт Сыздықовамен бірге бүгін 1 жарым млрд. теңге бюджет қаржысын қымқырған Білім және ғылым вице-министрі Саят Шахяметов те билік партиясынан қуылды.


Ал уақытының жоқтығын желеу еткен Бақыт Сыздықова камера алдында сұхбат беруге бас тартып отыр. Билік партиясы экс-депутат 15 миллион теңгені қайтармаса, сотқа жүгінетіндерін де айтып қалды. Тіпті, үлкен шу тудырған қаржылық құжатпен қаржы полициясы да айналысуы ғажап емес.