«Барахолкада» шығынға батқан саудагерлер жол үстінде жайма базар ұйымдастырмақ

Дүйсенбі күні базар қызметкерлері үшін демалыс болғанымен, өртке оранған үш сауда орнының қызметкерлері бүгін түгел жиналды. Әрқайсысының бірнеше қоймасы, сауда жүргізген нүктелері мен қысқы маусымға әкелген тауарларының барлығы күлге айналған.

Зәуре Әшірова, Саудагер:

– Шығын деген өте көп, екі этаж бірдей күйіп кетті. Бірінші этаж, екінші этаж толған қыстың аяқ киімі. Натуралкалар, өте қымбат заттар.

Ел арасында «барахолка» аталған алып базарда не өрт қауіпсіздігі, не арнайы көліктердің кіріп-шығуына ешбір жағдай жасалмағандықтан азаматтардың мүлігін сақтандыруға бірде-бір компания ниет білдірмеген. Бұны жақсы білетін саудагерлер материалдық шығынды талап етпеді. Тек жұмыс орнын тазалап, қайта қалпына келтіріп беруді сұрап отыр.

Мәдина Әмірқұлова, Саудагер:

– Мына орнымызды қойып берсін бізге. Контейнер қояды ма, не қояды?! Орынды тазалап болғаны, басқа түк сұрамаймыз. Ештеңе сұрап жатқан жоқпыз, ақшамызды басқа нәрсемізді сұрап жатқан жоқпыз. Біздің талабымыз – орнымызды востановить етіп берсін.

Бірақ бұл талаптың орындала қоюы екіталай. Өйткені әкімдік өртенген базарлардың заңсыз жұмыс істегенін айтып отыр. Тіпті былтыр шыққан сот шешімі де бар екен. Сондықтан атқамінерлер несие алып, енді дымсыз қалған саудагерлердің мәселесін банктермен реттеу жұмысын қолға алмақ. 


Сергей Куянов, Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

– Базар заңсыз жұмыс істеген. Бірнеше рет ескерту жасалып, кейін сот шешімі де шықты. Дегенмен қала әкімдігі олардың әрқайсысы алған несиелеріне үстеме пайыз жүрмес үшін банктерге хат жолдады.

Ал шығынды базар қожайыны өтесін дегенге келтірді шенеуніктер. Айта кетерлігі биылдың өзінде «Аян» базары үш мәрте өртеніп, олқылықтар жойылғанша мәжбүрлі түрде жабылған да еді.

Ал өткен жұмадағы өрт бірден 5500 шаршы метр аумаққа жайылып, 300-дей сауда нүктесі күлге айналды. Мың жарым адам тілсіз жаумен арпалысып, ауыздықтай алмағандықтан екі тікұшақ жұмылдырылған. Бірақ күш алған өртті сөндіру мүмкін болмай, тек таң алдында ауыздықталды.

Саудагерлер сонымен қатар өртті сөндіру кезінде заттарының тоналып, бірден көрші базарларда арзан бағамен саудаланғандығын айтуда. Сондықтан жолды бекітіп, адамдарды шығармаған тәртіп сақшыларының жұмысын да сынға алуда.

«Олжа», «Аян», «Керемет». Түгі қалмай, түгел өртеніп кеткен осы үш базарда аяқ киім саудалап, нан тауып отырған адамдар сараптама жұмыстарының ұзаққа созылатындығына наразы. Кемінде бір жарым ай күтуі тиіс саудагерлер қарыздарынан құтылу үшін ертен-ақ өрттен аман алып қалған тауарларын жол үстінде саудалауға бел буып отыр.