Барахолкаға өрт қасақана қойылмаған


Тілсіз жау 4-ші ақпан күні Барахолканың қақ ортасындағы «Юпитер» базарынан шыққан. 400 шаршы метр аумақ отқа оранып, қымбат тауарлар сақталған контейнерлердің түгі қалмай жанып кетті. Алғашында саудагерлер бұл әдейі қойылған өрт деп шу шығарған болатын. Алайда апат орнындағы тергеудің алғашқы қорытындысы, барлығы электр сымдарының тұйықталуынан деген тұжырым жасады. Ал жалынның өршуіне мамандар базар күзетшілерін кінәлап отыр. Олар дабылды дер кезінде қақпай, өртті өздері өшірмек болыпты. Бір аптаға жуық уақыт өтсе де «Юпитер» базары әлі жабық, келтірілген шығын да есептелмеген. Жалпы бұл соңғы жарты жыл ішінде отқа оранған Алматы барахолкасындағы жетінші базар.