Бұл - Барахолкадан шыққан алғашқы өртке қатысты үкімді естуге Жетісу аудандық сотына жиналған жұрт. Басым бөлігі күйген тауарының ақысын өтеуді сұраған кәсіпкерлер. Тек үкім олар күткендей болмай шықты.
Гүлнар Мүсірепова, Жетісу аудандық сотының судьясы:
-Сот Алдабергеновті 4 жылға, ал Қайрановты 3 жылға құқын шектеуге үкім етеді. Кері шағым 10 тәулік ішінде қабылданады.
Яғни, сот «қауіпсіздік ережесін сақтамады» деп айыпталған «Олжа» базарының директоры Мұсағали Алдабергенов пен рұқсатсыз дәнекерлеу жұмысын жүргізген саудагер Жанат Қайрановты тікелей өртке қатысы жоқ тапқан. Ал өртті өшіруге кеткен 12 миллион теңге мен 13 кәсіпкердің сұраған 320 миллион теңге материалдық шығынды өндіру жөніндегі арызды судья қараған жоқ. Өтемақыны енді саудагерлер басқа сотта даулауы тиіс. Тек бұл үкіммен ешқайсысы келіспеді.
- 8 млн. 277 мың теңге шығын келіп тұр маған.
- Бүгінгі соттың үкіміне келісесіз бе?
- Қанағаттанбаймын! Енді жазамыз ары қарай.
Сот залынан бостандыққа шыққан базар басшысы мен оның адвокаты тілшілермен тілдесуді тіптен құп көрмей, қашты. Ал дәнекерлеу жұмысын жүргізген саудагердің қорғаушысы болса, 3 жылға шартты мерзімнің берілуін «ауыр» деп есептейді екен.
Қайырболат Егеубаев, Ж.Қайрановтың адвокаты:
- Әрине, ауыр, ең ауыр жаза! Енді қамаған жоқ қой. Иә қамаған жоқ, бостандықта, құдайға шүкір.
Барахолкадағы бірінші алапат өрт 13-ші қыркүйекте болған еді. Ол кезде тілсіз жау «Олжа», «Аян» және «Керемет» базарларын түгел шарпып, 5 жарым мың шаршы метр аумақты күлге айналдырған.
- Осылайша барахолкадан шыққан алғашқы өртке қатысты процесс екі адамға шартты түрде мерзім кесумен аяқталды. Десе де бұл істе тағы бір базар басшысының жауапқа алынып жатқанын айта кетейік.Бірақ оның ісі тікелей қаржыға қатысты болғандықтан, жеке қаралып жатыр.