«Барахолканың» орны құрылыс алаңына айналды

Тек соңғы жыл ішінде бірнеше рет отқа оранып, кейін жаппай сүріле бастаған «барахолканың» қазіргі сиқы мынау. Жол бойындағы контейнерлер толықтай алынып, қызыл жолақ тазартылған. Бірақ айналаның барлығына күл-қоқыс шашылып, үлкен құрылыс басталды.

Алдымен екі базардың құрылысы жүреді. Жұмысшылар жаздың соңына дейін алғашқы нысанды қолданысқа беріп, сосын келесісіне білек сыбана кіріспек.

Жанат Айтілеу, Алматы қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары :

– Бірінші кезеңде бір топ ғимаратын салады. Соны үш кезеңге бөліп, өзге ғимараттарын саламыз деп отыр. Барлығын бірден бастап кетсе, барлығының құрылысы ұзаққа созылып кетеді. Алғашқысын аяқтаған соң, соған сатушыларды кіргізіп, қалғанына кіріседі.

Құрылысына 14 миллион теңге жұмсалып, барлық талаптар сақталуы тиіс болашақ сауда орталықтарының қағаздағы жобасы осындай. Ал оны жүзеге асыруға базар басшылығы өз қалтасынан қаржы шығаруы қажет.

Көлік кептелісінен көзі ашылмаған «барахолканың» басым бөлігі сүріліп тасталғаннан кейін жолдағы қозғалыс жандана түсті. Қазіргі кезде базарға келіп, темір тұлпарына тұрақ таппаған жандар жол жиегіне көліктерін тастап кетуді доғарған. Ал атқамінерлердің сөзіне сенсек бұл орында сегіз жолақты автомагистраль орын тебеді. Одан өзге қоғамдық көлік үшін тағы екі жолақты жол салу жоспарланып отыр.

Ал он жылдан астам «барахолканың» арқасында жан бағып отырған жандар бөліп-жармай  саудагерлердің барлығына бірдей жағдай жасаған жөн еді деп отыр.


Данагүл Құдасова, саудагер:

Үйреніп қалған жерден адам әрбір жерге барғысы келмейді. Бір жерден бір жерге көшіргенде толықтай барса, ал қазір біресе біреуі ана жаққа, біреуі мына жаққа барып жатыр ғой. Барахолка толықтай бір жерге көшіп барса.

Жаңадан бой көтеріп үлгерген сауда орталықтарынан орын алуға сатушылардың басым бөлігі тартынып отыр. Себебі жарнамасы жер жарған Құлжа тас жолының бойындағы «Жетісу» базарынан бутик алған жандар алданып қалған еді. Ал «Өжетке» ауысқандары кейін контейнерлердің ақысы тым жоғары деп шағымданған.