"Бәрі ата-анаға байланысты": Мектеп бітіру кешіндегі бәсеке мен жарыс дәуіріне нүкте қойылды 

Түлектер үшін мектеппен қоштасатын сәт таяп қалды. Биыл аталмыш күн бұрынғыдай өтпейді. Оқу-ағарту министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, бітіру кешінің форматына өзгеріс енгізген екен. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты тарқатады. 

Ең басты жаңалықтар 

Аттестат тапсыру рәсімі енді тек мектеп қабырғасында өтеді. Яғни кафе, мейрамхана немесе коттедж жалдап, салтанат ұйымдастыруға болмайды. Заң талаптарына сәйкес, қоштасу кеші білім ордасынан тыс жерде өткізілмеуі тиіс.

Сонымен қатар ақша жинауға да шектеу қойылды. Мұғалімдерге қымбат сыйлық алу немесе дастархан ұйымдастыру үшін ата-аналардан қаржы жинауға қатаң тыйым салынған.

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Бұл күндері тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп, көңіл көтеру орындарын тексеріп, балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстайды.

«Гүл жарысы» және ата-ананың амбициясы

Қаржылық сауат арнасы былтыр бір ананың айтқан сөзін мысалыға келтірді.  Оның айтуынша, соңғы қоңырауға дайындық кезінде ата-аналар арасында көзге көрінбейтін бәсеке басталады. 

«Соңғы қоңырауға дайындалғанда шашымыз ағарып кетті. Кейбір ата-аналар «метр-метр» гүл алады. Бағасы сұмдық. Соны біліп алған үйдегі қыз: «Маған дұрыс гүл алшы, ертең басқалар қымбат гүл алып жатқанда ұялып қалғым келмейді» дейді. 20-25 мыңның гүлі гүл болмай тұр сонда. Сол жерде (соңғы қоңырауда) тіпті гүл алмаған да балалар болды. Соны ойлап жатқан ата-ана жоқ. Бір бәсеке бітпейтін. Сол неменеге керек?! Баланы «құтыртатын» сол — өзіміз екен — деп еді шай үстінде.

Сол күні тек мектептегі шарамен шектелмей, мейрамханаға бару да әдетке айналған. Алда әлі емтихан, Ұлттық бірыңғай тестілеу бар екеніне қарамастан, атап өтуді бірінші орынға қоятындар кездеседі. Көбіне мұндай бастаманың басында да ата-аналардың өзі жүреді.

Әрине, бала мектепті күнде бітірмейді — қуаныштың орны бөлек. Бірақ мұндай шығынды әр отбасы көтере алмайды. Әсіресе толық емес немесе қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасылар үшін бұл ауыр жүкке айналуы мүмкін. Өкінішке қарай, мұны бәрі бірдей ескере бермейді.

Ұстаздың ашық пікірі

Сол ана айтқандай, сынып жетекшісі бұл жағдайға бейжай қарамай, қоштасу кешінде ата-аналарға ашық түрде өз ойын жеткізген екен. 

Ол ата-аналардың әрекеті балаларды орынсыз бәсекеге итермелеп жатқанын айтып, «кіммен жарысып жүрсіздер?» деген сауал қойған. Әр отбасының жағдайы әртүрлі екенін еске салып, бір баланы екіншісінен артық немесе кем көрсету дұрыс емес екенін атап өткен.

Қымбат гүл алудың міндетті еместігін айтып, мұндай үрдіске келесі жылдан бастап тосқауыл қою қажеттігін де жеткізген.

Бәрі ата-анаға байланысты. Биыл енгізілген талаптардың қалай орындалатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен, жоғарыда айтылған пікірлердің жаны бар. Шынында да, бір бала екіншісінен артық емес.

Қызығы, мұндай жағдай тек мектеппен шектелмейді. Қазірдің өзінде балабақша бітірген балаларға да лимузин жалдап, сән-салтанат ұйымдастыру қалыпты көрініске айналып барады, дейді қаржылық сауат арнасының авторы. Бірақ сол балалар оның мәнін түсініп жатыр ма? Әрине, жоқ. Бұл — тағы да ата-ананың таңдауы.

Сондықтан ең маңыздысы — жарысқа түспеу. Артық шығынға ұрынбау. Қаржыны үнемдеп, баланың болашағына, оқуына бағыттау әлдеқайда маңызды.